МТРА жаңалықтары

Құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйдегілерге газ баллонын пайдаланбауды ескертеді

Кей тұрғындар үйлерінде болмады ма, әлде рейд жүріп жатқанын көріп жасқанды ма? Әйтеуір, басым көпшілігі есіктерін ашпады. Ал бөлмелерінде болған жандардың барлығыда газ баллонын пайдаланады екен. Өйткені электр плитаға қарағанда арзан әрі, ыңғайлы.

Раиса Решеткина:

Маған мамандар электр плитаға көшу қажеттігін айтты. Газ баллоны жарық сөніп қалған кезде ыңғайлы. Әрі жарыққа төлеу арзан болады. Бірақ, қауіпсіздік маңыздырақ. Енді мамандардың кеңесіне сүйенемін.

Бұл рейдті құтқарушылар өрт қауіпсіздігі айлығы аясында ұйымдастырып отыр. Газ баллонын көпқабатты тұрғын үйде пайдалануға қатаң тыйым салынады. Өйткені алда-жалда оқыс оқиға орын алғанда, арты соқпақты болуы мүмкін.

Руслан Ерденов – Петропавл қаласы ТЖ басқармасының инженері:

– Маусымның 9-ы күні жақын маңда орналасқан Шухов көшесі 30 мекен жайындағы баспанада газ баллонын дұрыс пайдаланбаудың салдарынан өрт шыққан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Сол себепті көпқабатты үйде тұратындарға егерде орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған болсаңыздар электр плитаға көшуге кеңес береміз.

Тұрғындармен тілдескен құтқарушылар барлығына электр плитаға көшуді кеңес етіп, өрт қауіпсіздігі жайында жадынамалар таратты.

Зенина Любовь – “Болатбаев, 1” ПИК төрайымы:

– Құтқарушы мамандардың кеңесінен кейін қазір тұрғындармен жиын өткіземін. Газ баллонын алып тастауды тағы айтып, қауіпсіздік шараларына көшеміз. Көрнекі жерге жарнама орнатамыз. Шыныменде оқыс оқиға орын алса, көп адам зардап шегуі мүмкін.

Төтенша жағдайлар департаментінің мамандары алдағы уақытта нақ осы жатақханада тағы бір мәрте рейд ұйымдастырмақ. Ол кезде өрт сөндірушілердің кеңесін елемегендерге айыппұл салынады. Оның көлемі 5 айлық есептік көрсеткіш.

 

 

Риат Шони