МТРА жаңалықтары

Петропавлда әскери техника үлгілерінің көрмесі ашылды

Айбар Оспанов – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының автоматтандыру бөлімінің жетекшісі:

– Бұл шара Сталинград шайқасының 75 жылдығына арналған. Әскери техника үлгілерін өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жинадық. Көрмеде менен басқа тағы екі адамның жұмыстары бар. Осындай шаралар арқылы балаларға ҰОС жайлы мәлімет беріп, майданда болған техникалармен таныстырамыз. Бұндай үлгілерді жасау – менің хоббиім деуге болады.

Олардың әрбірі үлкен жұмысты талап етеді. Мәселен, мынадай танктерді қатты қағаздан жасау үшін кем дегенде бір айдай уақыт жұмсалады екен. Ал, мына техниканың шынжыр табанын қырқып, қажетті формаға келтіру үшін бір апта қажет. Айбар Оспанов бұндай үлгілерді жасаумен 7 жыл айналысып келеді. Азаматтың ең ауқымды әрі күрделі жұмысы – мына кеме.

Көрмеде картоннан басқа, пластиктен жасалған техника үлгілері де бар. Бұл материалмен жұмыс жасау жеңілдеу екен. Экспонаттар балғындар көңілінен шығып, үлкен қызығушылық тудырды.

Мария Гайдемская – оқушы:

– Маған көрме қатты ұнады. Әсіресе, қатты қағаздан жасалған экспонаттарға қызықтым. Болашақта өзім де осындай техника үлгілерін жасағым келеді.

Ян Кокотов – оқушы:

– Сталинград шайқасына арналған көрме өте әсерлі болды. ҰОС жайлы білімімді толықтырдым. Біз ата-бабамыздың көрсеткен ерлігін еш ұмытпаймыз.

Әскери техника үлгілерінің көрмесі ағымдағы айдың 22-сіне дейін жалғаспақ.

 

Эльмира Садвокасова