Құқық қорғау органдары

Арнайы жедел әрекет ету жасағында Қазақстан полициясының құрдасы қызмет етеді

Бұл олардың күнделікті жаттығуының бір бөлігі ғана. Қоян-қолтық ұрыс, жүгіру мен нысанаға ату. Қазақстан полициясының құрдасы – 25 жасар Нұрсұлтан Дәуренбековтің құзырлы органдарда жұмыс істеп жүргеніне 3 жылдай уақыт болған. Екі жыл бойы жол-патрульдік полиция батальонында қызмет еткен тәртіп сақшысы қазір арнайы жедел әрекет ету отряды қатарында.

Нұрсұлтан Дәуренбеков – СҚО ІІД арнайы жедел әрекет ету отрядының инспекторы:

– Кішкентай кезімде тәртіп сақшысы боламын деген ой болмапты. 1 жыл бойы әскерде Отан алдындағы борышымды өтеген соң, құзырлы органдар саласына баруды жөн көрдім. Уақыт өте келе бұл жұмыстың қаншалықты ауыр және жауапты екенін түсіндім. Алайда,осы қызметке келгеніме еш өкінбеймін.

Біреу білсе, біреу білмес. Бір жыл бұрын маусым айында Нұрсұлтан Дәуренбеков ерлікпен көзге түсті. Түн жарымда “102” нөміріне Есіл өзенінде белгісіз біреу батып бара жатыр деген хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына лезде жеткен полиция қызметкерлері жігітті құтқаруға кірісіпті.

Нұрсұлтан Дәуренбеков – СҚО ІІД арнайы жедел әрекет ету отрядының инспекторы:

– Өте қараңғы болды. Сондықтан, көмекке шақырған адамның дауысына қарай бардық. Араққа сылқыя тойып алған 19 жасар студент екен. Оны құтқарғаннан кейін, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Менің орнымда кез-келген адам осындай қадамға барушы еді деп ойлаймын.

Нұрсұлтан бос уақытында да спортпен шұғылданады екен. Күнделікті жаттығулардан бөлек, азамат спортзалға барып, шынығып, шымырланады. Себебі, жұмысындағы басты талап – осы.

 

Эльмира Садвокасова