Құқық қорғау органдары

Смирново селосында полиция қызметкеріне арналып мемориалдық тақта орнатылды

Ол 90-жылдың тамыз айында жұмыс барысында қылмыскердің қолынан ауыр жарақат алған болатын. Ол кезде Алексей Петропавлдағы Жұмысшы кентінде аға учаскелік инспектор қызметін атқарып жүрген.

Мемориалдық тақтаның ашылуына марқұмның туған-туыстары, әріптестері мен ардагерлер қауымы қатысты. Жиылғандар Алексей Щербаковтің қылмыспен күресіп, батырлықпен қаза тапқанын атап өтті. Ал, облыстық ІІД бастығы Берік Біләлов: “Ол жас ұрпақ үшін ерліктің үлгісі болып қала бермек”,- деді. Сол жылы орын алған қайғылы оқиғаны марқұмның қызы Наталья еш ұмытқан емес.

Наталья Щербакова – Алексей Щербаковтың қызы:

– Әкеміз өте жақсы адам болды. Бізді ешқашан ренжіткен емес. Қызмет атқару кезінде жарақат алғаннан кейін бірнеше күн бойы ауруханада жатты. “Өзіңді неге сақтап қалмадың?” деген сұраққа “Басқа амалым болмады” деп жауап қайырды. Әкеміздің есімін ардақтап, болашақ ұрпаққа үлгі көрсетер осындай ескерткіш орнатқан жандарға алғысым шексіз.

 

Айсулу Сергали