Спорт

Петропавлда дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысы өтті

Асылбек Әлдименов – СҚО спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл жыл басында Алматы қаласында өткен Қысқы Универсиадада ел намысын 8 теріскейлік спортшы қорғап, оның ішінде шаңғышы Ринат Мухин күміс жүлдеге ие болды. Ал, Жапонияның Саппоро қаласындағы VІІІ Қысқы Азиада ойындарында ең бірінші болып ел қоржынына алтын медальді Ринат Мухин салды. Сондай-ақ, конькимен жүгіруші Дмитрий Бабенко қола алқаға қол жеткізді. Канаданың Калгари қаласында болған спинтерлік көп сайыс бойынша әлем чемпионатында Роман Креч үздік нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жаппай спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған “Үміт” спорт клубында бүгінде 134 адам жаттығады. Олардың төртеуі Халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, биыл 27-і ҚР спорт шебері дәрежесін орындапты. Айта кеткен жөн, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы параолимпиада ойындарына 4 солтүстікқазақстандық спортшы қатыспақ. Бұл туралы жиында аталған спорт клубының директоры Вячеслав Латышев баяндады.

Вячеслав Латышев – “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры:

– Қазіргі уақытта теріскейлік спортшылар ел құрамасымен бірге Щучинск қаласында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз 2,5 жыл бойы Түркияда өткізілетін 23-ші сурдоолимпиадаға қатысу үшін жаттыққан болатынбыз. Енді маусымның 18-і мен 30-ы аралығында болатын сайыста жерлес жеңіл атлетшіміз Дмитрий Лагтеонов бағын сынамақ. Сондай-ақ, өңіріміздің құрамасы Атырауда қыркүйек айының ортасында өтетін республикалық спартакиадаға даярлықтарын пысықтауда.

Бүгінгі таңда СҚО-да 2 854 спорттық нысан бар екен. Оның 2300-ден астамы ауылдық жерлерде. Сондай-ақ, жиында шілденің 12-сі мен 15-і күндері Мамлют ауданында өткізілетін “Ақ-бидай -2017” сайысына дайындық жайы қаралды. Айта кетсек, жыл сайынғы дәстүрлі дода биыл спорттың 15 түрінен өткізілмек. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен 1500-ге тарта адам қатысады.

Тогжан Акмагамбетова