МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтарға “ҚР азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалыпқа келтіру туралы” заң жобасы түсіндірілді

Айту керек, аталған маңызды құжат ең бірінші кезекте қиын жағдайға душар болып, өздерінің несиелерін төлей алмай отырған жеке тұлғаларды қолдауға бағытталған. Ол жеке сипаттағы қарыз, мәселен банктік займ, коммуналдық қызметтерге және салықтық борыштар болуы мүмкін.

Елена Мотовилова – ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары:

– Мысалы, бір қазақстандықтың мойнында ипотекалық несие бар делік. Соны өтей алмай қаржылық жағынан қиналып жүр. Жұмыстан шыққан, басқа жерге де кіре алмайды. Мұндай жағдайда азамат не істейді? Әрине, банкке барып, қарызының мерзімін уақытша ұзартады. Бірақ, бұнымен мәселе шешілген жоқ. Ал, жаңа заң жобасы мұндай мәселелердің түйінін ағытуға септеседі. Қарызгердің мүлкін сатуға қол ұшын беріп, шыққан сома жетпесе, қалған борышы кешіріледі.

Бұл процессті бірқатар құқық бұзушылықтар жасаған және соттылығы бар тұлғалар қолдана алмайды. Алаяқтық жасаған жандар үшін де мұндай мүмкіндік берілмейді. Айта кеткен жөн, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді тек 10 жылда бір-ақ рет қолдануға болады.

Елена Цимбал – «Алмикс» ЖШС есепшісі:

 


–  Әрине, жоба бізге керек. Мен толығымен заңның жүзеге асқанын қалаймын. Өйткені, бұл жылдар бойы қарыздан қиналып жүрген азаматтардың мәселесін шешіп, еліміздегі борышкерлердің санын азайтар еді.

Қазір заң жобасы ел тұрғындарына егжей-тегжейлі түсіндіріліп, пікірлерін білу мақсатында сауалнамалар жүргізілуде. Ал, Парламент қарауына маңызды құжат ағымдағы жылдың қараша айында ұсынылмақ.

Айгерим Ержанова