Нәзікжанды құтқарушылардың баспана су астында қалуы мүмкін деген болжамынаа сенбеген. Ескертулерге қарамастан, Ольга Владимировна үйін тастап кетуден бас тартыпты. Су тасқының бірінші толқыны сәуірдің 23-і келген. Ал екі күннен кейін отанасы 8 баласымен далада қалады.
Ольга Васильева – Заречный кентінің тұрғыны:
– Үйімізді су басқан кезде мен үйімде болған жоқпын. Сондықтан, ауладағы көріністі көргенімде шошып кеттім. Су барлық қоқыс пен лайды алып келген. Үй ішінде қалған дүние-мүлікті сыртқа шығарып үлгермедік. Қыздарым тоңазытқышты пеш үстіне көтеріп, құтқарып қалды. Қалған жиһаздардың барлығы бір ай көлемінде су астында тұрып, жарамсыз жағдайға жеткен.
Бір жарым айдай жанұя Петр мен Павел әулиелер соборын паналаған. Су баспанадан тек 3 жұма бұрын ғана кетіпті. Отбасы үйлеріне оралған соң, көмекке Петропавл гуманитарлық колледжінің қызметкерлері мен студенттері келді. Білім ошағының ұжымы тұрмысқа қажетті заттар, балаларға киім-кешегі мен азық-түлік жинаған. Сондай-ақ, қиын жағдайда қалған отбасына «Алекри» құс фабрикасы 30 тауық беріпті. Ал колледж студенттері болса, 2 жұма бойы үйді қалыпты жағдайға келтіруге тырысқан. Баспананың еденін ауыстырып, өзге де жөндеу жұмыстарын жүргізіпті.
Сергей Дибров – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Бұндай жағдайда кез-келген отбасы қалуы мүмкін. Сондықтан, қолдан келген көмегімізді аямадық. Үй ішіндегі жұмысты аяқтап қалдық. Колледж тарапынан құрылыс материалдары берілді. Енді аулаға жаңа құс қорасын тұрғызудамыз.
Аталмыш колледждің ондаған студенттерін де тасқын су айналып өтпеген. Ол отбасыларға да материалдық көмек көрсетіліп, білім алушыларды тегін тамақпен қамтамасыз еткен.
Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:
– Біздің колледжіміздің 10-нан астам студенті дәл осындай жағдайға душар болды. Мұғалімдермен ақылдасып, шұғыл түрде өз көмегімізді көрсетейік деп шештік. Студенттер де жағдайлары келгенше қаражат жинап, қолдарынан келген көмектерін аямады. 400 мың тенгедей жиналды, қызыл судан зардап шеккен студенттерімізге киім-кешек сатып алып үлестірдік.
Александр Мерк алдағы уақытта Васильевтер отбасын колледж қарауына алмақ ниетте.
Эльмира Садвокасова