Құқық қорғау органдары

Облыстық әкімдік жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Он күнге созылған республикалық акция барасында кәмелетке толмаған 383 солтүстікқазақстандық ішкі істер органдарына жеткізілген. Олардың көбі түнгі уақытта үлкендерсіз көше кезгені үшін ұсталған. 55-сі әкімшілік, ал тағы бір жасөспірім қылмыстық заңбұзушылық жасаған.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД ЖПҚ бастығы:


–  Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына 13 пен 17 жас аралығындағы 15 жасөспірім жеткізілді. Олардың 9-ы петропавлдық болса, қалғаны – аудандардан келгендер. Көңіл көтеру орындарында түнгі уақытта кәмелеттік жасқа толмағандардың жүруі бойынша да 3 факті тіркелді. Соған орай компьютерлік клубтың әкімгерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қожайындарына айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, 21 жасқа толмаған жандарға алкогольдік ішімдіктер сатқаны үшін – 15, темекі өнімдерін саудалаған үшін 9 дүкен сатушысы жазаланды. Бір қуантарлығы жасөспірімдермен жасалатын заңбұзушылықтардың саны азаюда. Десе де, жазғы уақыт келе жатыр. Сондықтан рейдтік шараларды күшейтіп, жағдайды бақылауда ұстау маңызды. Тағы шара барысында тұрмысы төмен 59 отбасы есепке алынған. Бұл ретте облыс әкімі тәртіп сақшыларына жергілікті атқарушы билік органдарымен тығыз жұмыс жасау керектігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Әрине, сіздер бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырсыздар. Бірақ, осы шаруаны көмекке келе алатын қоғам өкілдері, кәсіпкерлер берлесіп шешуге тырысу керек. Олар әр отбасыны қадағалап, қолдау көрсете алады. Мұндай тәжірбие бар. Сондықтан, бұл шаруаға жүйелі түрде кіріскен абзал.

Селекторлық режимде байланысқа шыққан Жамбыл және М.Жұмабаев аудандарының басшылары да жасалып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Алғашқысында өткен жылы 4 мыңнан астам әкімшілік заңбұзушылық тіркеліпті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Оларды анықтау орнатылған бейнекамералар мен рейдтік шаралардың арқасында мүмкін болып отыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қылмыстарды анықтау көрсеткіші артып отыр. Бұл жұмыстың дұрыс бағытта жүргізіліп жатқандығын көрсетеді. Оларды ашу көрсеткіші артса да жақсы болар еді. Бұл жұмыс өзге аудандарда да тиісті деңгейде атқарылуы керек.

М.Жұмабаев ауданында ішімдікке тойып алып қылмыс жасау көрсеткіші – 59, ал көшелерде жасалатын заңбұзушылықтар саны 80 пайызға азайған.

Магжан Ахмадина