Балалар

Облыстық қуыршақ театрының әртістері Полудин балалар үйінде болды

Алена балапанды ұзақ күтеді. Ақыры шадамы таусылып маңайды қарауға шығады. Дегенмен, өзі жалғыз досын еш жерден кезіктірмейді. Осындай сәтте қызға батыл кірпі көмектеседі. Екеуі талай қиындықты өткеріп, біраз жолды артта қалдырады. Соңында қос іздеуші гусенокты тауып, түлкіден аман-есен құтқарып алады. Бұл қойылым балғындарға ұнаған сыңайлы. Тіпті, 10 жастағы Данил Груздев өзіне ұнаған кейіпкерді де тауыпты.

Данил Груздев – Полудин балалар үйінің тәрбиеленушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Маған қойылымда кірпі ұнады. Ол Аленаға көмектесті. Және ешнәрседен қорықпады. Спектакль тамаша өтті. Әртістерге көп рахмет.

Облыстық қуыршақ театры әртістерінің балғындарға әзірлеген базарлығы бұл ғана емес. Олар қойылым соңында кішкентай ұл-қыздарды мерекемен құттықтап, түрлі ойыншықтарды сыйға тартты. Бүгінгі кешке өнер ұжымы ұзақ дайындалыпты.

Сапар Мәпенов – облыстық қуыршақ театрының әртісі:


–  Біз Полудин балалар үйінде бұған дейін бірнеше мәрте болғанбыз. Олар біздің көптеген спектаклімізді тамашалады. Бүгінгі қойылым ерекше өтсін деп жақсы дайындалдық. Кейбір сәттерде жеткіншектер де өнер көрсетті. Кеш ұл-қыздарға ұнады деп ойлаймыз.

Кештен соң балғындар уақыттарын далада өткізді. Олар таза ауада әткеншек теуіп, асфальтқа сурет те салды. Жалпы, жыл артқан сайын Полудин балалар үйіндегі жетім жеткіншектердің саны азайып келеді. Мәселен, жыл басынан 17 ұл-қызды қайырымды жандар асырап алған.

Асылтас Әлжанова – Полудин балалар үйі директорының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:

 

– Тәрбиеленушілеріміздің жақсы отбасыларға түскенін қалаймыз. Біздегі балғындардың барлығы ақылды. Көбі селодағы орта мектепте білім алуда. Оқу үлгерімдері де жақсы. 5 мезгіл тамақтанады. Өзіміз қосымша сабақтар ұйымдастырып тұрамыз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Полудин балалар үйінде 38 жетім ұл-қыз тәрбиеленіп жатыр.

Байболат Құлтанов