МТРА жаңалықтары

Елімізде тұңғыш рет ара шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске қосылады

Алматыдан келген “Бал-Ара” Қазақстан омарташылар ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұрәділ осылай деді. Ол солтүстікқазақстандық омарташылардың басын қосып, тыңдаушыларға оқыту семинарын өткізді.

Олег Гаврилов – “СҚО омарташылар қауымдастығы” ҚБ төрағасы:

– Семинарлардың жылда өтіп тұрғаны жақсы. Омарташылар мәселелерін жеткізеді, бір-бірімен тәжірибе алмасады, білімдерін арттырады. Бүгінгі жиында кәсіпкерлер палатасының мамандары барлық омарташыларға бір кооперативке біріксін деп жатыр. Жаз бойы жиған әселді экспорттауға көмек береміз дейді. Бұл шаруа бір адамның қолынан келмейтінін мойындаймын. Сондықтан міндетті түрде бәрімізге жұмыла іс атқару керек.

Жерлестеріміз ауыл шаруашлығы кооперативін құруға қарсы емес. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өнімді өткізуде кедергілер мен қиындықтар болмайды деп сендіруде. Биылдан бастап Қытай Қазақстанның балын өз нарығына кіргізуге рұқсат беріпті. Ендеше осы саланы да заман талабына сай жетілдіру қажет. Ол үшін жаңа технология, кәсіби мамандар керек. Бүгінде аталған жұмыстар басталып кетті. Қазақстан азаматтары 9-шы және 11-сыныптан кейін Словакия мен Польша мемлекетерінде омарташылыққа тегін оқып жатыр.

Ғабит Нұрәділ – “Бал-Ара” Қазақстан омарташылар ұлттық одағының вице-президенті:

– Осы іспен айналысып жүрген адамдарды Ресейде омарташылар академиясында оқытып жатырмыз. Басқалары еліміздің аграрлық университеттерінде білімін жетілдіруде. Жаңа технологияларды меңгеру үшін жыл сайын омарташыларымызды Израиль мемлекетіне жіберіп жатырмыз.

2018 жылы елімізде тұңғыш рет ара шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама іске қосылады. 3 жылға шақталған бағдарлама аясында омарташылар мен гүлді өсімдіктер өсіретін диқандарға жыл сайын мемлекеттен субсидия беріледі.

Ғабит Нұрәділ – “Бал-Ара” Қазақстан омарташылар ұлттық одағының вице-президенті:

– Асыл тұқымды аралардың әр жанұясына жылына бір рет субсидия беріледі. Омарта шаруашылығна кеткен шығындарының 50 пайызы өтеледі.

Жыл сайын омарташылар бал араларының әр отбасы үшін шамамен 9 мың теңгеден субсидия алып тұрады. Одан бөлек оларға мемлекет жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен арзан несие береді. Қарызға алған қаражатқа асыл тұқымды аралар және қажетті инвентарларды сатып алу мүмкіндігі бар. Мұндай жеңілдіктерге ие болу үшін жеке тұлғаларға фискалды органдарда жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Тек омарташылар кооперативіне мүшелік етсе болғаны. Бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігі осы саланы дамытуға мүмкіншілігі бар 10 өңірге барынша жағдай жасамақ.

Берік Қасен