Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Жамбыл ауданының диқандары 300 мың гектардан аса жерге ырыс дәнін сіңірмек

Жалпы, биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде қожалық 700 гектар алқапқа егін егуді көздейді. Оның басым бөлігін бидай құрап отыр. Нақтылай айтсақ, диқандар 400 гектарға бидай, қалғанына зығыр мен алатікен өсіруді жоспарлауда. Мамандар қауырт маусымға жанар-жағармайды күні бұрын дайындапты. Шаруашылық жетекшісі Константин Хоменконың сөзінше 15 тонна сұйықтық егін егу науқанына толығымен жетеді екен.

Константин Хоменко – “Хоменко” ШҚ жетекшісі, Жамбыл ауданы:

– Науқанды осыдан 3 күн бастадық. Осы уақыт ішнде 250 гектар жерде жұмыс жүргіздік. Оған дейін алқаптарға минералды тыңайтқыштар сепкенбіз. Биыл “Урала Сибирская” және “Икада” тұқымды 1-ші репродкуциялы дән сеуіп жатырмыз. Былтыр жақсы астық жинадық. Сары алтын гектарына 30 центнерден айналды.

Жалпы, қазіргі таңда Жамбыл ауданында көктемгі дала жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жер емген диқандар танап басында бел жазбай күндіз-түні тер төгуде. Биыл олар 300 мың гектардан аса жерге ырыс дәнін сеппек. Тағы, осы жылы шаруалар картоп пен көкөністерді де мол өсіруді де көздейді. Қазіргі уақытта істің 51 пайызы тындырылған.

Талғат Наурызбаев – Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биыл біздің ауданда 195 мың гектерга дәнді-дақыл, 83 мыңға майлы дақылдар егіледі. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. 16 мың тонна минералды тыңайтқыш жерге себілді.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында егін егумен 40 серіктестік және 195 шаруа қожалығы айналысады. Олар көктемгі дала жұмыстарын мамырдың соңына дейін аяқтамақ.

Байболат Құлтанов