Ғ.Мүсірепов ауданынан келген Аружан Көкеш Абайдың 50 өлеңін жатқа біледі. Қазылар алқасы атаған кез келген өлеңді мұқалмай айтып берді. Қос жыр алыбының шумақтарын жаттаған мына ұл-қыздар өз кезектерін күтуде.
Аружан Көкеш, Жаманшұбар негізгі мектебінің оқушысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Еш қобалжыған жоқпын. Барлығын айттым. Республикаға барғым келеді.
Ал, мұнда жас ғалымдар тыңдалуда. Ұл-қыздар Абай мен Мағжанның өмірі мен шығармашылығын зерттеген. Қазақ мектеп-гимназиясның 8-сыныбында оқитын Шапағат Науан «Мағжан поэзиясындағы символизм» аталған жобасын қорғауда. Оқушының таңдаған тақырыбы тым күрделі дейді қазылар алқасы.
Шапағат Науан, Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Символика, ол – астарлап жеткізу. Мағжанның тілім өлеңінде көрініс тапты. Менен қазылар күнделік сұрады. Осал тұсым осы болды. Жазбаған едім.
Байқауға келушілердің басым бөлігі – Абай мен Мағжанның бүгінгі ізбасарлары. Ақынжанды ұл-қыздар бірінші өздерінің кез келген өлеңін оқып береді.
Заманбек Әлімбеков Айыртау ауданынан келіп отыр. 100-ден артық өлеңнің авторы. Екінші кезеңде жас ақындарға қазылар алқасы тақырып беріп, осы жерде суырып салулары керек. Одан именетін Заманбек жоқ.
Заманбек Әлібеков, Дәуқара орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:
– Ақандар шабытты көбіне түннен алады. Мен де түннен, айдан, жұлдыздан шабыт аламын. Кез-келген ақын суырып салуы керек қой. Ақындығымды дәлелдеймін.
Мұнда жас қаламгерлер эссе жазып жатыр. Абай мен Шәкәрім шығармашылығына қатысты 4 тақырып берілген. Оқушы көңілі қалағанын таңдап, қалам тербетеді. 1,5 сағаттың ішінде аяқтаулары тиіс.
Шарғия Мұқышева, Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:
– 200-ден артық оқушы қатысуда. 5-11 сыныпта оқитын балалар. Осылайша қазақ әдебиетін насихаттамақпыз.)
Ал, акт залында «Көңілім әнді» ұғады номинациясы бойынша күміс көмей әншілер бақ таластыруда. Қазылар олардың ән айту деңгейінен өзін ұстауына дейін көңіл аударады. Сахнада жас таланттар Абай мен Шәкәрім әндерін әуелетті.
Айтайын, 5 номинация бойынша анықталған үздіктер республикалық кезеңге өтпек. Бірі Семейде өтетін Абай оқуларына жолдама алса, Мағжан шығармашылығына үңілгендері шілдеде ақынның туған жері Сарытомарда өтетін байқауда солтүстіктің намысын қорғайды.
Акбопе Танирберген