МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық өрт сөндірушілер оқу-жаттығу жиынын өткізді

Арада шамамен 5 минуттай уақыт өтті. Діттеген жерге өрт сөндірушілердің көліктері дабылдатып келіп тоқтауда.
Мұндағы өрт сөндірушілердің жұмысы қауырт.

Олар бірден ұжым болып іске кірісті. Мамандардың бір бөлігі жылдам ішке енді. Қолдарына құбыршек ұстаған жандар от шарпыған қабатқа бет алды. Ал, далада келесі топ қызыл жалынмен арпалысуда. 2 бірдей жедел сатымен төбеге көтерілген қызметкерлер отқа су шашып әлек.

Серік Битанов – СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі:

– Сценарий бойынша өрт бей-жай қараудың салдарына шықты. От ағаш сатыларға шарпып, нысан ішін түтін басты. Біздің мамандар бұндай жағдайда бірлесе жұмыс істейді. Жаттығуды уақытында аяқтаймыз деп ойлаймын.

Қызыл жалынмен күрес әлі де жалғасуда. Кешен ішінен 40-тан аса құрылысшы дер кезінде қауіпсіз жерге шығып үлгерді. Дегенмен, іште 3 адам қалып қойған. Нақтылай айтсақ, ағаш макеттер. Олардың екеуін жедел-құтқару жасағының құтқарушылары ғимараттың үстінен түсірді. Төбедегі жағдайды мамандар жердегі штаб мүшелеріне дереу хабарлауда.
Ал, тағы бір құрылысшыны бетон плитасы қысып қалған екен. Оны да жылдам қимылдағын жігіттер арнайы құралдың көмегімен көтеріп, аман сақтап қалды. Зардап шеккендерге апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті.

Алтынбек Нараш – СҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– 2 адамды альпинистік әдіс арқылы төмен түсірдік. Оқу-жаттығу жиындары жақсы өтті.

Қызыл жалынды өрт сөндірушілер 30 минуттың ішінде ауыздықтап үлгерді. Жалпы, оқу-жаттығу жиындарына 50-ден аса маман мен 12 бірлік техника жұмылдырылды.

 

Култанов Байболат