Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамырдың 12-сі күні елімізде жалпыұлттық республикалық ата-аналар жиналысы өтті

Елена Коноплева – қалалық жалпы білім беретін бірінші лицей директоры:

– Қазір ғылыми-оқыту кешендері дайындалып жатыр. Барлық пәндер бойынша жаңа оқулықтарға тапсырыс бердік. Оның ішінде жаратылыстану бағытындағы ағылшын тілінде кітаптар да болады. Бұл өзгерістерге ұстаздар қауымы да дайындық үстінде. Бүгінге дейін біздің лицейдің 20-дан астам мұғалімі біліктіліктерін арттыру курстарына барып келді. Қазір мамандарымыз шет тілінде химия, биология, физика мен информатика пәндерін оқыту бойынша тәжірибе жинақтауда.

Галина Семенованың ұлы Роман қазір 9-шы сыныпта оқиды. Ата-ана баласының болашағына алаңдаулы. Өйткені, алда оларды жаңа форматтағы ҰБТ күтуде.

Галина Семенова – ата-ана:

– Ұстаздардың жоғарыда аталған жаңашылдықтарға дайын екендігін естіп жатырмыз. Біз өз кезегімізде балаларымыздың бұл өзгерістерге үйренісіп кетуіне жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені, бұл жаңашылдықтар заман талабы. Мұғалімдер мен оқушылар білім саласындағы өзгерістерді қабылдап, тез үйренісіп кететіндеріне сенімім мол.

Бұдан бөлек, ата-аналар ұл-қыздарының түлектер кешін сөз етті. Биылғы жылы жерлестеріміз балаларының бұл тойын шағын етіп тойлауды жөн санап отыр. Жалпы бұл күні облысымыздың 517 білім ошағында жиналыс өтіп, оған 38 мыңға жуық ата-ана қатысқан.

 

Айгерим Ержанова