Денсаулық сақтау

Облыстық кардиологиялық орталыққа электрофизиологиялық станция сатып алынды

Мақсат Құдратуллаев – кардиологиялық орталықтың рентгенэндоваскулярлы хирургия және сәулелі диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл науқастың жүрек соғысы бұзылған. Қазір мына қондырғының арқасында ақаудың нақты жерін анықтап, сол ошақты күйдіру әдісімен емдеу жасаймыз.

Ота 1 мен 4 сағат аралығында жүргізіледі. Кейін науқас 3-4 күннен соңы үйіне жіберіледі. Жалпы операцияның бұндай түрі шамамен 2 млн теңге тұрады. Бірақ, сырқат жандардың шығынын мемелекет өтейді. Бүгін жергілікті дәрігерлерге тың қондырғымен жұмыс істеуді үйретуге Чехия елінен инженер келіпті.

Ян Бахник – “Abbott” компаниясының инженері, Чехия Республикасы:

– Бұл қондырғының жүйесі ипедансты өлшеу қағидасы бойынша жұмыс істейді. Науқасқа үш қаптама байланады. Оның көмегімен жүрек ішін үш ось бойынша бағдарлай аламысз. Сонымен қатар, жүректің 3Д моделі әзірленіп, компьютердің экранына шығады. Кейін сол арқылы барлық істі тындыруға болады. Қондырғыны қолданудың аса қиындығы жоқ. Чехия елінде бұндай аппараттың 15-і бар. Медицинасы озық мемлекеттер осымен жұмыс істейді.

Қазіргі таңда электрофизиологиялық станция деп аталатын қондырғы ел аумағында бірде-бір өңірде жоқ. Тіпті елордадағы ұлттық ғылыми медициналық орталықтағы аппараттың өзінде біздікіне қарағанда мүмкіншіліктері аз. Бұны облыстық кардиологиялық орталық мамандарына шеберлік сыныбын өткізіп жүрген астаналық мамандар растап отыр.

Қуандық Сәдуев – “Ұлттық ғылыми медициналық орталығы” АҚ аритмологы, Астана қаласы:

– Орталыққа тың қондырғының орнатылуы облыстағы медицинаның дамуына үлкен серпіліс береді. Енді осы аппараттың арқасында жергілікті мамандар операциялар жасап, шеберліктерін шыңдайды. Мен Қазақстанның өзге де қалаларында болдым. Бірақ, бұндай қондырғы ешқайда жоқ. Ертеңдері біз жаңа қондырғының көмегімен күрделілігі әр түрлі оталарды жасайтын боламыз.

Айта кету қажет, тың қондырғының көмегімен енді 10 науқасқа ота жасау жоспарланып отыр. Ал жалпы бүгінде жүрек қан тамыры жетіспеушілігі бар науқастың әр үшіншісінің жүрек соғысы бұзылған болып есептеледі.

 

Риат Шони