Аптадағы маңызды жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге ОҚО гуманитарлық көмек жетті

Бұған дейін, күнгейдегі жомарт жандар Ақтөбе мен Қарағанды облыстарындағы үйлерін су басқан тұрғындарға жәрдемдескен екен. Енді, олар біздің өңірде осындай табиғи апат орын алғанын естіп, қолғабыс етуді жөн санаған.

Мадияр Қондыбаев – ОҚО жастар ресурстық орталығының маманы:

– Апат айтып келмейді. Солтүстікте болып жатқан жағдайды естіп бей-жай отыра алмадық. Әлі де көмек болады.

Оңтүстіктегі ағайын Қызылжар ауданына азық-түлікті мол әкеліпті. 1625 келі ұн, 329 литр майдан бөлек, тұз, шай мен қатар макарон өнімдері де бар. Тағы, қапталған қантта үйіліп жатыр. Бұған қоса киім-кешекпен тұрмыстық заттар да жеткілікті.

Тасқын әкелген шығын зардабын есептейтін коммиссия мүшелері осы маңда жүр. Олар күнгейден келген гуманитарлық көмекті санап, түстен кейін тұрғындарға таратуға кіріспек.

Руслан Растенов – «Қызылжар аудандық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы:

– Қазіргі таңда арнайы құрылған коммиссияға 5 адам мүшелік етеді. Біз тасқынның зардабын есептедік. Қазір қолымызда үйлерін су басқан тұрғындардың тізімі бар. Енді, мына гуманитарлық көмекті сол жандарға тарататуды бастаймыз. Табиғи апат зардабын келтірген адамдардың бірі де назардан қалмайды.

Айта кетейік, әзірге қызыл су Қызылжар ауданындағы 9 елді мекенге кірді. Салдарынан 80-нан аса үйді тасқын басып, 1204 адам қауіпсіз аумаққа көшірілген болатын.

Байболат Құлтанов