Олар “Кең дала” бағдарламасы арқылы 5 млрд 94 млн теңгенің несиесін рәсімдепті. Дені Мағжан Жұмабаев және Мамлют ауданының аграриилері. Бұл қаражатты аграриилер көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бағыттап отыр. Айту керек, бүгінде аталмыш компания арқылы алуға рұқсат етілген кредиттің ең аз сомасы – 1 млн теңгені құрап отыр.
Арман Саликов – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚОФ басшысының орынбасары:
– Аграриилердің дені «Кең дала» бағдарламасына жүгінетін көрінеді. Өйткені, оның пайыздық мөлшерлемесі кәсіпкерлер үшін тиімді. Былтыр несие 5%-бен берілсе, биыл бұл мөлшер 2 пайызға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, қазір «Бірлік» бағдарламасы арқылы да қаржыландыру жүргізілуде. Бұл жоба – несие серіктестіктеріне арналған. Қазір облысымызда ондай 13 компания бар. Ол 550 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің басын біріктіріп отыр.
Қазір мұнда мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар да қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» жобасы аясында биыл 8 қожалыққа 88 млн теңге несие берілген. Бұл қаражатқа кәсіпкерлер 490 бас ірі қара сатып алыпты.
Арман Саликов – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚОФ басшысының орынбасары:
– Бұдан бөлек біздің корпорация «Жібек жолы» бағдарламасы арқылы экспортпен айналысатын компанияларды да қаржыландырумен айналысады. Оның жылдық мөлшерлемесі – 11,28%. Аталмыш жоба аясында ет өндірумен, бағбандық және балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге несие беріледі. Қазір бізге әзірге 1 өтініш келіп түсті, оны мамандар қарастырып жатыр. Оған шамамен 16-17 жұмыс күні кетеді.
Сондай-ақ, аграрлық несие корпорациясында биылдан бастап «Іскер» жобасы қолға алынған. Бұл бағдарлама өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналып отыр. Бастысы несие алушылар жаңа жұмыс орындарын ашулары тиіс. Аталған мақсатқа ел қазынасынан біздің өңірге 670 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Әзірге, қаржылай көмектен үміт еткендердің өтініштері қабылдану үстінде.
Айгерім Ержанова