Мәдениет

Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері спектакль қойды

Ақша жинаушы старостаның рөлін Қытайдан келген қандасымыз Гүлмира Әлет сомдады.

Гүлмира Әлет – Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана қаласы:

– Өзімнің рөлім маған ұнады. Спектакльді қою бізге еш қиындық туғызған жоқ. Өйткені, бұл студенттер өмірі жайлы қойылым.

Сахнадағы өнерпаздардың бәрі де студенттер. Дәл қазір олар Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-ші курсында бір топта оқиды. Ал бүгінгі қойылымдары болашақ әртістердің дипломдық жұмысы екен. Спектакльді олар 1 жылға жуық дайындапты.
Биыл Қазақ ұлттық өнер университетінің актер өнері және режиссура кафедрасынан 40-қа жуық студент түлеп ұшады. Оның 11-і – драма бағытындағы әртістер.

Бекболат Құрманғожаев – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Театр басшысы Біржан Жалғасбаевтың шақыруымен келдік. Балалар осы театрды көрсін, таныссын. Ертең бітіргенде барлығы Астанада қалмайды ғой. Мүмкіндігінше өңірдегі театрларды да мамандармен толтыру керек. Осы тұрғыда балаларды Петропавлға әкеліп, таныстырып жатырмын. Түске дейін болашақ әріптестеріне Нотердамның спектаклін қойды. Бағаларын алды.

Петропавл көрермендеріне өнерлерін паш еткен студенттердің дені оқуды аяқтаған соң осы жерге оралуды жоспарлап отыр. Бұл ретте жас маманадарға қолдау көрсетіліп, қаржылай көмек берілмек.

Баатырбек Шамбетов – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бас режиссеры:

– Ай сайын жас мамандарға жалақыларынан бөлек қосымша 10-15 мың теңге қаражат беріліп тұрады. Бұл да бір көмек қой.  

Қазір С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 26 әртіс бар. Труппа санын ең көп дегенде 35-ке дейін жеткізуге болады екен.

Айгерім Ержанова