Қайырымдылық

Қалалық мәдениет үйінде гуманитарлық көмекті қабылдау пункті тәулік бойы жұмыс істейді

Бір баланың анасы болғасын су басқан елді мекендердегі балғындарды көріп жаным ашыды дейді. Нәзікжанды баршасы сияқты өңірдегі жағдайдың бәрін ғаламтор мен теледидардан қалт жібермей біліп отырады екен. Сол себепті, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында жұртшылықты жақсы амалдар жасауға шақырады.

Анна Билялова – қала тұрғыны:


– Қызыл су қаншама үйдің ішіне кіріп, өңір тұрғындарын қиын жағдайда қалдырды. Үйсіз-күйсіз қалған адамдарды көрген кезде оларға жаным ашыды. Мұндай жағдайды біреудің басына салмасын. Менің ойымша, тұрмыс жағдайы келіскен азаматтар қайырымдылық шарасына атсалысуға тиісті. Еліміздің әр тұрғыны зардап шеккен жандарға қол ұшын бере алады деп есептеймін.

Қалалық мәдениет үйінде құрылған заттарды қабылдау пунктіне шаһар тұрғындары киім-кешектерден басқа жарма, сұйық-май сынды тез бүлінбейтін азық-түліктерді әкеліп жатыр. Бұдан бөлек мұнда шәйнек, жылы жамылғылар мен майлықтар бар. Осының бәрі түрлі ұйымдар мен тұрғындардан жиналған.

Дәулет Арыстанбаев – қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары

– Әкелінген заттардың барлығы есеп журналына жазылады. Біз аптасына жеті күн – демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істейміз. Мекемелердің арасында прокурорлар көп нәрсе әкелген. Азық-түлік пен жылы киімдері бар. Қалалық мәдениет үйінің ұжымы да игі шараға үлес қосып, тасқын судан жапа шегушілерге ақшалай, заттай көмек көрсетпекші.

Қалалық мәдениет үйінде заттарды қабылдау пункті таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Әкелген тауарларыңызды кешкі алтыдан кейін мұндағы күзетшілер мен кезекшілерге де қалдырып кетуге болады. Олар тәулік бойы осында. Гуманитарлық көмекті азаматтарға таратумен қалалық әкімдік айналысатын болады. Қайырымдылық шарасы жағдай оңалғанша дейін жалғасады. Зардап шеккен адамдарға кез келген азамат ақшалай көмек көрсете алады. Ол үшін экранда тиісті есеп-шот нөмірі жазылған. Бүгінде Тепличное, Прибрежное елді мекендері мен Заречный, Былғары зауыты аудандарындағы бірқатар үйлерде әлі күнге дейін су тұр.

Берік Қасен