Қоғам

Саябақтағы аттракциондар 1-ші мамырдан бастап іске қосылады

Александр Козлов – “Мир аттракционов” ЖШС директоры:

– Аттракциондарды маусымның ашылуы алдында міндетті түрде тексерістен өткізу керекпіз. Олар қыс бойы қатып тұрды. Енді, қайта жұмыс істеуде. Мұндай жағдайда темірлер морт сынып жатады. Сондықтан, қазірден әткеншектердегі олқылықтарды анықтап, жөндеу жасау керек.

Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарына аса таныс “Жан-жақты шолуға арналған дөңгелек” те сыналуда. Биіктігі 28 метр болат карусельге жуырда техникалық жөндеу жұмыстары жасалыпты. Енді, одан кешке қарай түрлі түсті жарық шамдары сәуле шашатын болады. “Мир аттракционов” серіктестігінің жерлестерімізге әзірлеген тосын сыйы бұл ғана емес. Кәсіпорын басшылығы жуырда құны 18 млн теңге болатын 4 әткеншек сатып алыпты. Олардың қатарында “Пираттық кеме” де бар. Тағы, мына “Роботтар” да теріскейліктердің көңілінен шығары анық.

Жалпы, биыл саябақтағы аттракциондардың билет бағасы аса қымбаттамаған. Тағы, жеңілдетілген билеттердің саны артпақ.

Александр Козлов – “Мир аттракционов” ЖШС директоры:

– Биыл кейбір аттракциондардың билет бағасын шамалап қана көтердік. Басым көпшілігінің құны бұрынғы қалпында қалды. Жаңа маусымда бағасы 30%-40% -ға дейін төмендетілген аукциондық билеттер сатылады. Яғни, келуші бір билет сатып алып бірнеше карусельді пайдалана алады.

Сонымен қатар, серіктестік осы жылы Мәдениет және демалыс саябағын көркейтуге көп көңіл бөліп отыр. Жақында 500 мың теңгеге түрлі гүлдер егіледі. Әзірге, мұнда 60 түп алма ағашы отырғызылуда. Тағы, шырша, емен көшеттері де осы маңда көбеймек.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаламыздағы Мәдениет және демалыс саябағында – 35, ал Жеңіс саябағында 16 аттракцион бар. Олардың барлығы 1-ші мамырдан бастап іске қосылмақ.

 

Култанов Байболат