Ауыл шаруашылығы

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық пысықталды

Жалпы уақытылы тұқым мен техниканы қамдап, ылғал жабу жұмыстарын аяқтау қажет. Осындай тапсырманы аграрлық жиында ғалымдар өңір диқандарына жүктеді. Биыл теріскейде ауыл шаруашылығы дақылдары 4 млн 377 мың гектар алқапқа себілмек. Оның 3 млн 117 мың гектардан астамына дәнді дақылдар егіледі. Ал майлы дақылдар алқабы 2016 жылмен салыстырғанда 200 мың гектарға артық, сөйтіп осы қауырт маусымда оларды 712 мың гектарға егу көзделіп отыр.

Бүгіндері, көктемгі егіс жұмыстарына қажетті техника, сапалы тұқым мен жанар-жағармай жеткілікті. Енді ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында тұрған маңызды міндет – егін егу науқанын жоғары деңгейде, ұйымдастырылған түрде өткізу. Өйткені күзде мол өнім алу үшін қазір аянбай еңбектену қажет. Сол себепті кездесуге қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті аграрийлер алдына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Соның алғашқысы еңбеккерлердің жалақысын арттыру.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Өнімділікті арттыру маңызды. Мемлекет субсидия ретінде қыруар қаржы бөледі. Соны ақтау қажет. Егіннің шығымдылығын көтеру керек. Сіздерде жұмыс істейтін еңбекерлердің жалақысы тым аз. Оны да арттыру қажет. Сондықтан әр аудан әкіміне шаруашылықтармен жұмыс жасап, осы мәселелерді реттеуді тапсырамын. Өйтпеген жағдайда біздерде жұмыс істейтін адам қалмайды.

 

Магжан Ахмадина