МТРА жаңалықтары

ҚР Әскери Полициясына 20 жыл

Мырзалы Рахметов, ҚР Әскери полициясының ардагері:

– ІІО-да 28 жыл жұмыс істедім. Солтүстік аймақтық әскери полиция басқармасының бастығы қызметінен зейнетке кеттім. Көкшетау, Петропавл, Қостанай қалалары менің қарамағымда болды. Жиі іс-сапарға шығатынбыз. Жаңа ғана құрылған Әскери полицияның бірден іске кірісіп кетуі қиын болды. Ақшалай, тіпті киіммен қамтылуында да мәселелер туындады. Жас орган болғандықтан мұнда ешкім барғысы келмеді. Штаб жетіспеушілігі болды. Ал бізге артылған міндет – әскери қызметшілер тарапынан жасалатын қылмыстардың бетін ашу болды.

Бұл 20 жыл ішінде әскери полиция Қазақстан әскерінің бір бөлігіне айналды. Оның құрылуы офицердерді қылмыс жасаған әріптестерін іздеп, тергеу сынды өздеріне тән емес міндеттерді атқарудан босатты. Олардың жеке құрамдағы рөлдерін арттырып, жауынгерлік және тәрбиелік дайындықтарын күшейте түсті.

Асылжан Темірбаев, 6637 әскери бөлімі әскери полициясының аға өкілі:

– Кейінгі 2016-2017 жылдары Солтүстік Қазақстанда әскери қызметшілер тарапынан ешқандай қылмыстық іс тіркелген жоқ.

Бүгін әскери полицейлер мен орган ардагерлері қолбасшылық пен өзге әріптестерінен құттықтаулар қабылдады. Мерекелік жиын – әскерилер дайындаған концертке ұласты.

Акбопе Танирберген