МТРА жаңалықтары

Үйлерін су басқан Рузаевка селосының тұрғындарына көмек көрсетілуде

Тілсіз жау Анна Симоненконың үйін айналып өтпеді. Қас қағым уақыт ішінде жеткен тасқын баспананың ішін түгел алып кетіпті. Салдарынан 70-тегі қарияның барлық дүниесі су болған. Жан түршігерлік оқиғадан енді ес жиған нәзікжанды киім-кешек, жиһаздарды кептіріп әлек. Ал, көмекке келген жігіттер қираған шарбақты жөндеуге кіріскен.

Анна Ивановна қиын-қыстау шақта қолғабыс білдірген азаматтарға дән риза.

Анна Симоненко – Рузаевка селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Көмектескен жандарға мың алғыс. Ерте келіп, үйдің маңын жинап жатыр. Жиһаздарды да солар шығарып берді. Өзіме ауыр заттарды далаға алып шығу қиын ғой.

Қираған үйлердің орындарын жинауға іргедегі Айыртау ауданынан да жұмыс күші жетіпті. Іске білек сыбана кіріскен 30-ға тарта “Нұр Отан” партиясының өкілдері жарамсыз заттарды Камаз көлігіне тиеуде. Болатбек Бекенов табиғи апаттың зардабын тарқан тұрғындарға көмектесу міндетіміз дейді.

Болатбек Бекенов – Кирилловка орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы:

– Жұмылып жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай жағдайда баршамыз тұрғындарға көмек көрсеткен жөн.

Тағы, апат орнында жасотандықтар да еңбек етуде. Мұнда Новоишим агротехика колледжінің студенттері таң сәріден бері шашылған қоқыс пен үй қирандыларын жинап жүр.

Артем Илларионов – Новоишим агротехика колледжінің студенті, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Шамамыз келгенше көмектесіп жатырмыз. Жаңа бірнеше үйдің ауласын жинадық. Енді, келесі баспанаға келдік. Осындағы тұрғындарға қолғабыс білдіру үшін мұғалімдерден өзіміз сұрандық.

Тасқын су Рузаев ауылдық дәрігерлік амбулаториясын да басқан болатын. Қазір мамандар мотопомпаның көмегімен суды жолдың келесі бетіне ағызуда. Мұнымен нұротандықтардың тұрғындарға жасаған көмегі аяқталмақ емес. Олар сәуірдің 22-сі күні жаппай сенбілік өткізуді жоспарлап отыр. Игі іске 1 мыңнан аса жомарт жан қатысады деп жоспарланған.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясының СҚОФ филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Рузаевка селосында болған табиғи апат барлығымызды дүр сілкіндірді. Қазір мұндағы жағдай қалыпты, су тартылды. Дей тұрғанмен тұрғындарға баршамыз бірлесе көмектесу керекпіз. Біз “Нұр Отан” партиясының өкілдері есеп шотқа 1 күндік жалақымызды аудардық. Әлі де көмек болады. Барлық жаны жайсаң жерлестерімізді, кәсіпкерлерді қолғабыс етуге шақырамын.

Қазір Рузаевка селосында гуманитарлық көмек қабылдайтын 3 пункт жұмыс істеп тұр. Алғаш болып тұрғындарға Айыртау ауданынан азық-түлік, қажетті заттар жетті. Олар 700 келі ұн, 50 келі май мен қант, күріш, макарон әкелген.
Зардап шеккен адамдарға кез келген азамат ақшалай көмек көрсете алады. Ол үшін экранда тиісті есеп-шот нөмірі көрсетілген.

 

Култанов Байболат