Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” футбол клубы ел кубогының 1/8 финалы аясынан аса алмады

 

Бүгін “Қарасай” стадионында петропавлдық ұжым шымкенттің “Ордабасы” командасын қабылдады. Тартысты матчты тамашалауға 8 мыңнан астам көрермен жиылды. Қос құрама алғашқы таймда тең есеппен тарасса, ойынның келесі бөлігінде қонақтар басым түсті. Кездесудің 60-шы минутында теріскейлік команданың бір ойыншысы өз аймағында допты қолымен тоқтатып тәртіп бұзды. 11 метрлік айып добын орындаған ордабасылық Гогита Гогуа бұл мүмкіндікті қалт жібермеді. Гол соғып командасын алға жетеледі. Теріскейліктер қанша тырысқанымен таблодағы есепті өзгерте алмады. Қорытынды есеп 0-1, “Ордабасы” құрамасының пайдасына шешілді.

Али Алиев – “Қызыл-Жар СҚ” ФК капитаны:


–  Ойын тартысты өтті. “Ордабасы” командасы Премьер-лигада жақсы өнер көрсетіп келе жатыр. Қазір турнирлік кестеде 5-ші орында келеді. Бұларға қарсы ойнау өте қиын болды. Өзіміз қателікке бой алдырып, болмашы жерден қақпаға гол дарытып алдық. Ұтуға болар еді. Өкінішке қарай, сәттілік жетіспеді.

Риат Шони