Құқық қорғау органдары

Облыстың тәртіп сақшылары тәуліктік жұмыс режиміне көшті

Олар су шайып кетуі мүмкін деген тас жолдар мен елді мекендерді бақылауда ұстап отыр. Солардың бірі – Заречный кенті. Мұнда учаскелік инспекторлар үй-үйді аралап, тұрғындарға төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін айтуда. Полицейлер тек алдын алу шараларын жүргізіп қоймай, қызыл судан зардап шекенн өзге аудан тұрғындарына қол ұшын созып жатыр. Айталық, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаевка ауылын су басқанда аудандық ІІБ қызметкерлері тұрғындар мен үй жануарларын қауіпсіз аймаққа көшірген. Ал иесіз қалған баспаналарды тонап кетпес үшін тәртіп сақшылары оларды тәулік бойы күзетуде. Бүгіндері республикалық тас жолдар бойында 15 экипаж күн-түні кезекшілік атқаруда. Облыста 12 жерде жолдардың үстімен су жүріп кету фактісі тіркеліпті. Сондықтан, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін 65 полиция қызметкерінен тұратын 48 мобильді топ құрылған.

Магжан Ахмадина