Бизнес және экономика

Елбасының тапсырмасы өңірімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– СҚО-да онлайн сауда 27,8 пайызға ұлғайды. Интернет арқылы сауда жүргізу қарқын алып келеді. Былтырғымен салыстырғанда 11,6 пайызға өсті. Солтүстікқазақстандықтар интернетті көбінесе қызмет көрсету саласында пайдаланады.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында бізге 180 млн халқы бар үлкен нарық ашылып, табиғи таза өнімдерімізді одақтас елдерге өткізуге мүмкіндік туып отыр. Өңірдің тауар өндірушілеріне де кеденен кедергісіз өтуге мүмкінді жасалған дейді Қуанышбек Қалижанов. Шетелде дәнді-бұршақты, майлы дақылдарға деген қажеттілік жоғары. Бағасы да төмен емес. Осы сұранысты ескерген аграрийлер биылдан бастап егістік алқаптарын әртараптандырмақшы. Мемлекет те қарап отырған жоқ. Барынша көп тұрғынды бизнеске тартып, ынталандыру механизмдерін ұсынуда. Былтыр агроөнеркәсіптік кешенге мол инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры агроқұрылымдарға арзан несиелер ұсынуда. Мұның бәрі өз нәтижесін беруде.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Өңірде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны 427-ге жетті. Биыл 3 айдың ішінде сойылған мал және құстың басы бірден 30 пайызға артты. Өңдеуші саланың 60 пайыз үлесі тағам өнеркәсібіне тиесілі. Былтырғымен салыстырғанда ұн өндіру 36 пайызға өсті.

Аймағымызда құрылыс индустриясы да дамып келеді. Спикердің айтуынша, өзімізде жасалатын құрылыс материалдарының көлемі артыпты. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстары мен баспана тұрғызуға кететін артық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Берік Қасен