Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданында 3 елді мекенді су басып төтенше жағдай жарияланды

Тасқын астында 235 үй қалды. Табиғи апаттан көбіне Рузаевка селосының тұрғындары зардап шекті. Бұл ауылда тасқын 7 баспананың тас талқанын шығарды. Мал шығыны да жоқ емес. 100-ден астам бас үй жануары суға сіресіп қатып қалған. Абырой болғанда адамдардың барлығы дін аман. Сондай-ақ, Рузаевка-Көкшетау бағытындағы республикалық маңызға ие тас жолы қақ ортасынан опырылып, сумен шайылып кеткен. Адамдардың барлығы айналма жолдар арқылы қатынауда. Қазір мұнда мамандар қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп, су өткізгіш құбырларды орнатып жатыр. Бұндай алапат апат Рузаевка елді мекенінде бұрын соңды болмаған. Абдырап қалған халық қызыл судың қайдан келгенін білмей таңдануда.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:


–  Шарық пен Жембарақ өзендері тасып, қызыл су Рузаевка селосындағы 186 үйді басып қалды. Біз кешеден бері осында жұмыс істеп, адам шығынын болдырмау мақсатында тиісті істер атқарып жатырмыз. 580 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оның 110 бала. Бұл өзендердің тасуына алқаптардағы қарлардың тез еруі мен жауын-шашынның көп болуы деп болжап отырмыз. Бізге көмекке Айыртау ауданы мен Петропавл қаласынан құтқарушылар келді. Суды біртіндеп сорып алып жатырмыз. Шығынды ертең арнайы құрылған комиссия есептейтін болады. Кейін барлығы зардап шеккен тұрғындарға қайтарылады. Ол үшін қаражат қарастырылған.

Риат Шони