Білім

Петропавлда “Білім жолы” атты интеллектуалдық марафон өтті

Жалпы, биылғы сайысқа өңір мектептері мен балабақшаларынан келген 80 балғын қатыспақ. Додада аздаған уақыттардан соң бақ сынайтын ұл-қыздар 10 топқа бөлініпті. Сахнаға шыққан әр ұжым көпшілік алдында өздерін таныстырды.

Айта кеткен жөн, дәстүр бойынша “Білім жолы” интеллектуалдық марафонына денсаулығы нашар балалар да қатысады. Олар да ережеге сай тапсырмаларды орындаулары шарт. Тек жарымжан балғындарға барлық сынақтан өту үшін ұзақ уақыт беріледі.

Галина Бондаренко – “Асыл бала” республикалық ассоциациясының СҚО бойынша филиалының директоры:

– Республикалық “Білім жолы” интеллектуалдық жарысына 5-пен 9 жас аралығындағы балғындар қатысады. Басты мақсатымыз – қатысушылардың белсенділігін арттыру. Олардың ойлау қабілеттерін жақсарту. Тапсырма кезінде мүгедек ұл-қыздарға ұйымдастырушылар аздап көмектеседі. Біз мұндай марафон арқылы жарымжан жастардың білімге деген қызығушылығын арттырғымыз келеді.

Жарыс 10 станциядан тұрды. Онда қатысушылар логикалық, грамматикалық тапсырмаларды 1 сағаттың ішінде орындаулары тиіс. Әли Темірболат менталды арифметикаға 2 жыл бұрын ден қойған. Сондықтан, балғын мен үшін есеп-қисап қиынға соқпайды дейді.

Әли Темірболат – “Ucmas Kazakhstan” халықаралық менталды арифметика академиясының Петропавл қалалық филиалының студенті:

– Есеп шығару маған ұнайды. Бүгін тапсырмаларды тез орындап, командама жеңіс сыйлаймын.

Ал, мына оқу бөлмесінде Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің 2-сынып оқушылары қазақ әдебиетінен тест сұрақтарына жауап беруде. Жеткіншектер тапсырмаларды жылдам уақытта орындап, келесі станцияға бет алды.

Аружан Табылды – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептің 2-сынып оқушысы:

– Сұрақтарлы 5 минутта орындадым. Барлық тапсырмаларды мектепте үйренгенбіз.

Тағы, бәсекеде ұл-қыздар спорттық тапсырмаларда да мүмкіндіктерін байқап көрді. Олар арнайы уақыт ішінде түрлі кедергілерді бағындырды. Сонымен қатар, балғындар өнер станциясында да қойылым сахналады. Жарыс соңында әр аталым бойынша үздік атанғандар мақтау қағаздар және кубоктармен марапатталды. Және қатысушылардың барлығы жұмсақ ойындарға ие болды.

 

Култанов Байболат