МТРА жаңалықтары

СҚО прокуроры Берік Асылов БАҚ өкілдерімен ашық диалог өткізді

Берік Асылов – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:


– Сараптама жұмыстары көрсеткендей, жұмыссыз жүрген азаматтар жиі қылмыс жасайды. Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінде ұрлық көп тіркеледі. Оны қылмыс картасынан көрдім. Осы ауданда жұмыссыз бос сенделіп жүрген азаматтарды есепке алып, оларды еңбекке тарту маңызды.

Облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін шағын және орта кәсіпкерлікке кедергі келтіретін алаяқтардың жолын дер кезінде кесіп отыру керек дейді өңірдің бас прокуроры.

Берік Асылов – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

– Шағын және орта бизнес дамыса әлеуметттің әлеуеті артады. Тиісінше, жұмыссыздық азайып, өңірдегі криминогендік жағдай біршама жақсарады. Мемлекет ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім, денсаулық сақтау салаларына қыруар қаражат бөледі. Сондықтан, ақшаның дұрыс игерілуін құқық қорғау органдары қатаң бақылауға алу керек.

 

Өз сөзінде Берік Асылов БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді. Оңтайлы сәтті пайдаланып тілшілер қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерді өңір прокурорына жеткізді. Бірінші денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы қозғалды.
Облыс прокуроры Берік Асылов жақында жұмыс сапарымен ауылдарға баратынын айтты. Себебі, бүгінде елді мекен тұрғындары жолдың нашарлығын, дәрі-дәрмектің қымбаттығын, жер дауын айтып прокуратураға көп шағымданатын болған.

Берік Қасен