Денсаулық сақтау

Сәуірдің 5-нен тұрғындарды емханаларға тіркеу мен олардың статусын нақтылау науқаны бастау алды

Оның аясында 2 пакет қарастырылған. Біріншісі бойынша бәріне бірдей кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетілетін болса, екіншісін азаматтар ай сайын төлеген жарнасының есебінен пайдалана алады. Ол үшін тұрғындар емханалардан өздерінің статустарын нақтылап алулары керек.

Лариса Гордеева – Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетiнiң СҚО бойынша департаментi басшысының міндетін атқарушы:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын толтырудың 4 негізгі көзі бар. Алғашқысы, ол – мемлекет. Үкімет 14 санат бойынша 2018-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ай сайын жарна төлейтін болады. Ал келісісі – еңбекпен қамтылғандар. Бұларға 1-ші шілдеден бастап жұмыс беруші ұйым жалақыларының 1 пайызын бөледі. Үшіншілері – заңды тұлғалар. Олар 2 ең төменгі айлықтың 5 пайызын төлейді. Ал соңғылары – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Бұлар келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ең төменгі 1 айлық жалақының 5 пайызын бөлуге міндетті.

Айта кету қажет, оқуын тәмамдаған студенттерге жұмысқа орналасуға үш ай уақыт беріледі. Осы аралықта олар үшін жарна мемлекет есебінен аударылады. Бірақ, кейін кәсіп таба алмаса, онда өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санатына қосылып ай сайынғы жарнасын төлеуге міндеттеледі. Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды пайдалана алу үшін бүгіннен тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны басталды.

Әлия Ташетова – №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Емханаға тіркелу тұрақты немесе уақытша мекен жай, жұмыс, оқу орындары бойынша жүргізіледі. Бұл науқан жылына бір рет өтеді. Азаматтар дәрігерлерді өз қалаулары бойынша таңдай алады. Тұрғындар емханаға тіркелу үшін сол ұйымның бас дәрігерінің атына өтініш жазады. Міндетті түрде кіші жастағы балалар үшін туу туралы куәлігі, ал жасөспірімдер мен ересектер жеке куәлігі немесе паспорттарын әкелулері қажет. Немесе өтінішті egov электрондық Үкіметі арқылы да жолдауға болады.

Қазіргі таңда өңірде 72 емханалық-амбулаторлық мекеме, 17 емхана мен 67 дәрігерлік амбулаторий бар. Бұл ұйымдарға тіркелу ағымдағы жылдың 31-ші маусымына дейін жүргізіледі.

Риат Шони