Ауыл шаруашылығы

Өңірдегі 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мемлекеттен қолдау көрсетілген

Осылайша жерлесіміз “Жаңа тілек” атты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрған. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорында 100 бас сауын сиыр бар екен. Енді, агроқұрылым сүт өндірісін дамытуды қолға алмақ. Ол үшін азамат жуырда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының көмегіне жүгінген.

Әділбек Юлдашев – “Жаңа тілек” АШ ӨК төрағасы, Қызылжар ауданы:

– 3 миллион теңгеге сүт тоңазытатын тенкер сатып алуға несие рәсімдедім. Біздің кооперативке ол міндетті түрде қажет.

Жалпы, биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы өңіріміздегі кооперативтердің ісін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы жылы аталған қаржы институты жаңадан құрылған ұйымдарға 1,5 млрд теңге несие беруді жоспарлауда. 3 айдың ішінде бұл сомманың шамамен 25 пайызы игеріліпті. Яғни, 13 кооперативке ақшалай қолдау көрсетілген.

Әсемгүл Қайырденова – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ директоры:

– Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 13 кооперативке біріккен 139 жеке кәсіпкерлікке 353,8 млн теңге несие берілді. Оның 12-і сүт өндірісімен айналысады. 1-еуі етті бағыттағы мал санын арттырмақ. Қаржы 1920 бас ірі қараны сатып алуға жұмсалмақ. Тағы, 33,6 млн теңге сүт тоңазытқыш танкерін алуға рәсімделді.

Қазір, қаржы ұйымы 5 бағдарлама бойынша тұрғындарға қызмет түрін ұсынады. Бұлардың ішінде “Ынтымақ” жобасы өткен жылдың соңында жұмысын бастады. Осы жылы аталған бағдарлама арқылы жерлестеріміз өндіріске қажетті қондырғылар сатып алуға 34 млн теңге несие рәсімдепті.

Жәнібек Сәдіров – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ бас несие менеджері:

– “Ынтымақ” бағдарламасы арқылы несие 7 жылға 50 млн теңгеге дейін беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды.

Айта кеткен жөн, “Ынтымақ” бағдарламасы арқылы несие рәсімдеу үшін жерлестеріміз өз атына тіркелген мүлік соммасының 40 пайызын
кепілдікке қояды. Тағы, сатып алатын қондырғы құнының 60 пайызы да кепіл болмақ.

 

Байболат Құлтанов