Мәдениет

Теріскейлік әнші қыз Амина Жапар “Аялаған Астана-2017” байқауының Гран-при иегері атанды

Амина Жапар:


–  Мен өзімнің көпбалалы отбасынан екенімді мақтан тұтамын. Үш сіңлім – ең жақын құрбыларым. Әлемге танымал жұлдыз болып, сіңлім Яминаны емдеткім келеді. Өзімнің байқаудағы өнерімді соған арнаймын.

Тайынша қаласында 3-ші сыныпта оқитын Амина Жапар өзін жұртшылаққа осылай таныстырды. 10 жасар әнші “Аялаған Астана-2017” Балалар арасындағы V республикалық телевизиялық байқауының ақтық сынына біздің өңірдің намысын қорғау үшін іріктелініп алынған болатын. Сайыстың финалы сәуірдің 2-і күні өтті. Онда Виктор Цойдың орындауға қиын өлеңдерінің бірі “Кукушканы” шырқады.

Жас таланттардың өнерін Халықаралық «Новая волна» байқауының бас продюсері Александр Румянцев, «Аялаған Астана» байқауының бас продюсері Лина Арифуллина бастаған қазылар алқасы бағалады.

Жалпы бұл байқаудың ақтық кезеңіне 12 үміткер қатысқан болатын. Олардың арасынан СМС дауыстың 11 пайызын және әділ қазылардың 49 ұпайын қоса есептегенде 60 бал жинаған жерлесіміз оза шапты. Бұған дейін талантты қыз Қарағандыда “Звезды листопада”, Петропавлда “Есіл өңірінің жұлдыздары” байқауларында бас жүлделерді иемденген. Амина Жапар вокалмен 5 жасынан айналысады екен.

Амина Жапар – “Аялаған Астана-2017” Балалар арасындағы V республикалық телевизиялық байқауының Гран-при иегері, СҚО:


–  Мен бұл әнді 2 жасар сіңлім Яминаға арнадым. Ол науқастанып жатыр. Осы әнді Полина Гагарина соғыс жайындағы “Битва за Севастополь” деген киноға саундтрек ретінде шырқаған болатын. Ешқашан да берілмей, алға жүру керек деген. Менің сіңлім де сол мақсатты ұстанып отыр. Сол себепті, оны бауырыма арнадым. Жалпы байқауға жарты жыл дайындалған болатынмын. Жеңіске жеткенімен өте қуаныштымын.

Енді гран-при иегері Амина Жапар жаз айларында Қырым қаласында өтетін «Детская Новая волна-2017» байқауында ел намысын қорғайтын болады.

Риат Шони