МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдіктің аппараттық кеңесі өтті

Павел Филиппов – СҚО ТЖД бастығы:

– Үлкен Тораңғұл көлінен құбырлар арқылы су жіберу жұмыстары мардымсыз жүргізілуде. Келлеровкадағы арнайы жасалған топырақ үйінділері техника мен мал жүріп өткеннен бұзылған. Чириковка селосының маңындағы су ағатын арна тазаланбаған.

Облыс орталығында 700 мың текше метрден астам қар шығарылған. Суағарлар да тазартылуда. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қала басшысынан осы бағытта бүгінде қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Тиісті мекемелер бұл жұмыстармен қазір айналысып жатыр. Биыл Екатеринбург қаласынан арнайы техниканы жалға алып, осы шараларға қарқын қостық. Барлық проблемалық учаскелерді анықтап, шаруаны жүргізіп жатырмыз. Сәуір айына дейін барлығы тазартылады.

Аймақ басшысы өз сөзінде су тасқынына барынша дайын болу қажеттігін атап өтті. Ал дер кезінде қолға алынған шаралар төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Уақытылы атқарылған шаруа, яғни қар шығару, су өткізгіш құбырларды тазарту ертең апаттың алдын алуға септеседі. Ол тағы жолдардың бұзылмай, сол қалпында қалуын қамтамасыз етеді. Мен қаланы аралап өттім. Аудандарда болдым. Елді мекендер мен қаладағы жол бойынша қар әлі көп. Түнгі уақытта ақ ұлпаны шығару жұмыстары тек 3 ауданда ғана атқарылады. Сондықтан, бұл шаруаны барлық аудандар мен қала басшылығы екі ауысымда жүргізуі тиіс.

Кейін өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары жайлы сөз қозғалды. Бұл ретте әлі бірқатар салаларда тиісті жұмыс атқарылуы керек. Айталық, халықты екі қолға бір күрекпен қамту бойынша.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Біздің мақсатымыз – еңбекпен өзін-өзі қамтығандарды жұмыспен қамтылғандардың қатарына ауыстыру. Бұл – салық төлейтін және зейнетақылық аударымдар жасайтын азаматтар. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру – әкімдер жұмысының басты көрсеткіші.

Үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандықтар өнеркәсіп пен инвестиция тарту бойынша да көрсеткіштерді жақсартулары тиіс. Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне шағын орта бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды. Өңірде 2017 жылға Индустриалды-инновациялық даму картасы бойынша тек 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бағдарлама қолға алынғалы бері оған аудандардың барлығы бірдей белсенді қатысып жатқан жоқ. Картаға енген жобалардың 50 пайызы – Петропавлда орналасқан кәсіпорындар. Есіл, Жамбыл және Мамлют аудандарында екінші бесжылдыққа кіретін жобалар мүлдем жоқ.

Агроөнеркәсіп кешені саласында да бірталай жұмыс атқару керек. Өңірде өз өнімімізді көбірек өңдеп, егін себу барысында барлық агротехникалық тәсілдерді қолдану қажет. Сондай-ақ, барынша экспортқа бағытталған дақылдар өсіріп, сапалы тұқым алу керек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Алқаптарды әртараптандыру шараларын жалғастырып, себілетін майлы және бұршақ дақылдарының көлемін ұлғайту қажет. Тағы ауыл шаруашылық айналымға 71 мың гектар егістік жерлерін қосу керек.

Өңір жетекшісі қала мен ауылдардың тазалығын да қатаң бақылауға алатынын жеткізді. Бұл ретте тек коммуналдық қызметтер ғана емес, сондай-ақ, жер үйлер мен көпқабатты баспаналардың тұрғындары, өздеріне белгілі бір аумақ бекітілген түрлі ұйымдар да белсенділік танытулары тиіс.

 

Магжан Ахмадина