Спорт

Облыс орталығында белбеу күресінен ҚР ашық чемпионаты өтті

Жекпе-жек алғашқы секундтардан бастап қыза түсті. Қарсыластар бір-біріне дес берер емес. Кездесудің соңғы минутында теңескен есеп “жамбас” тәсілін қолданған солтүстікқазақстандықтың пайдасына шешілді. Нәзікжанды өзінің жеңісін 3-жылдық тәжірибенің арқасында деп біледі.

Жансая Сайдуллаева – белбеу күресінен ҚР спорт шеберіне үміткер, СҚО:

– Мен осы чемпионатта 2 рет күрестім. Біріншісі таза жеңіс болды. Ал екіншісі оңай болған жоқ. Қарсыласым мықты болды. Соңғы әдіспен жеңдім.

Жалпы боз кілемдегі әр кездесу 2 минутты құрайды. Алайда, жекпе-жекті бұл уақытқа жеткізбей аяқтауға болады. Уақытты ұтымды пайдаланғандардың бірі – 14 жасар Айберген Мәукенбай. Ол кездесудің алғашқы минутын жасыл жейдедегі спортшының осал тұстарын іздеумен өткізсе де кейін бірнеше секунд арасында қарсыласының жауырынын жер иіскетті. Алайда, бұндай таза жеңіспен төрешілердің бір бөлігі келіспей, бірнеше тараптың көмегіне жүгінуге тура келді. Сөйтіп, ортақ келісімге келген олар Қызылорда облысының намысын қорғап келген жас спортшының таза жеңісін мойындап, Айберген қола жүлдегер атанды.

Айберген Мәукенбай – белбеу күресінен ҚР спорт шеберіне үміткер, Қызылорда облысы:

– Мен бұл спорт түріне 4 жыл бұрын 10 жасымда келдім. Мақсатым болашақта қазақ жерін биіктерден көрсеті. Бүгін 4 кездесу өткіздім. Оның соңғысы үшінші орын үшін болды. Ақтөбе облысынан келген қарсыласымды өз тәсілімді қолданып жықтым.

Ашық чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 150 балуан жиылды, олардың 32-сі – солтүстікқазақстандық спортшылар.

Қанат Омаров – СҚО белбеу күресі федерациясының президенті:

– Біздің өңірімізде белбеу күрестен ҚР чемпионаты алғаш рет өтуде. Оған 2002-2004ж жасөспірімдер және қыздар қатысады. Жарыс облысымызда аталмыш спорт түрінің дәрежесін көтеру үшін йымдастырылды.

Дүбірлі додада жеңіс тұғырынан көрінгендер кубок, медаль және грамоталармен марапатталды.

 

Эльмира Садуакасова