МТРА жаңалықтары

Көктемгі әскерге шақыру науқаны бастау алды

Әлішер Таңатов – әскерге шақырылушы:

– Әскерге бару өзімнің бала күнгі арманым. Денсауығым жарамды. Енді, шекара қызметі қатарына алынсам деймін.

Бүгін Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында Әлішер сынды 30-ға жуық бозбала медициналық бақылаудан өтуде. Олардың денсаулықтарын терапевт, көз дәрігері, невропатолог және психолог сынды тағы да басқа мамандар жіті бақылайды. Ақ халаттылар жігіттерді әскерге жарамсыз деп таныса, диагноздарын анықтап қайта емдеуге жібереді.

Татьяна Дегтярева – №1 қалалық емхананың терапевт-дәрігері:

– Соңғы кездері әскерге барғылары келетін жастардың саны артуда. Олар бізге өз ниеттерімен қызмет еткілері келетіндіктерін айтады. Көбінің денсаулығы жарамды болып жатады. Бозбалардың спортпен шұғылданғандықтары байқалып тұр. Бүйрегі сырқаттанған, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандарды емдеуге жіберіп, күзде қайта өзімізге шақырамыз.

Жалпы, елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыздың 18-і күні басталды. Енді, маусымның соңына дейіне теріскейден 700-ге жуық тепсе темір үзетін жігіт әскер қатарына алынбақ. Сарбаздардың алғашқы легі жуырда ҚР ҰҚК Алматы қаласындағы №2021 бөліміне жіберілген.

Арай Қоқашев – Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бөлім бастығы:

– Наурыз айының 27-ші жұлдызында 13 жерлесіміз әскер қатарына алынды. Енді, жігіттердің келесі легі 30-ы күні ШҚО қарасты Күршім ауылындағы 2535 әскери бөлімге аттанады. Бұл жолы 30 азамат жіберіледі. Жалпы, көктемгі әскерге шақырылу маусымында Петропавл қаласынан 200-ге жуық жігіт ҚР күш құрылымдары қатарына алынбақ.

Айта кетейік, әскерге барудан қашқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқандарға 1000 АЕК айыппұл салынады. Бұл сомма 2 млн теңгеден асады.

 

Култанов Байболат