Спорт

“Мен – чемпион” спорттық ойынның облыстық кезеңі бастау алды

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесі бүгінгі “Мен-чемпион” спорттық теле сайысы.

Облыс бойынша жарысқа 16 команда қатысуда. 8 жұпқа бөлінген құрамалар 5 сайыста өзара сынға түспек. Әр ойын 2 ұпаймен бағаланады. Шаршы алаңға алғаш болып Қызылжар ауданының “Бәйтере”-гі мен ақжарлық “Салауатты ұрпақ” командалары шықты. Соңғылары өткен жылғы облыстық сайыстың күміс жүлдегерлері болғандықтан өздерінің қарсыластары үшін үлкен бәсеке тудырды.

Ойынның 3-ші кезеңі “Алып дөңгелек” сайысын қос құрама да жақсы бастады. Алайда, жарыс жолында “Бәйтерек” командасының мүшелері бірнеше рет сүрініп, қарсыластарына есе жіберіп алды. Бұған қарамастан өз дайындықтарына сенімді жеткіншектер алдағы кезеңдерден үміт күтуде.

Олжас Смоилов – “Бәйтерек” командасының мүшесі, Қызылжар ауданы:

– Біз мықты дайындалдық. Бірақ қарсыластарымыз да күшті. Келесі жолы оларды жеңуге тырысамыз.

Кезек капитандар сынына да келіп жетті. Құрамасы мен жанкүйерлерінің сенімін арқалаған капитандар бар күш-жігерін салып, бір-бірін жығуға тырысып бағуда.

Ақжарлықтардың қоржынында тағы екі ұпай. Есеп көк жейдедегі команданың пайдасына шешілді. Қос топ үшін жарыстың соңғы ойыны басталды. Бұл сайыста да өздерінің шапшаң және епті екендіктерін ақжарлықтар тағы бір мәрте дәлелдеді. Сөйтіп, барлық ойындарда жақсы нәтиже көрсеткен “Салауатты ұрпақ” құрамасы 10 ұпайды қанжығаларына байлап, жеңіске жетті.

Ардақ Рахметолла – “Салауатты ұрпақ” командасының капитаны, Ақжар ауданы:

– 5 сайыстың бесеуі де мен үшін тең болды. Бірақ есте қалғаны капитандар жарысы. Қарсылас команданың капитанын жығу аздап қиындық тудырды.

Жалпы “Мен – чемпион” спорттық ойыны балалар арасында үлкен танымалдылыққа ие болуда. Ең бірінші маусымына облыс бойынша 8 мыңдай оқушы қатысса, бүгінде олардың саны 13-мыңнан асқан.

Қанат Сәдуақас – СҚО бiлiм басқармасы дене тәрбиесi, спорт және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

– Биылғы жылы 16 команда қатысуда. Олардың тең жартысы бірінші рет қатысып отыр. Бұл дегеніміз осы жылы жаңа жұлдыздар мен жаңа көзқарастар пайда болады.

4 күнге жалғасатын спорттық ойынның ақтық кезеңіне 2 команда жолдама алады. Жеңіс тұғырынан көрінгендер өңір намысын республикалық жарыста қорғайды.

Эльмира Садуакасова