Жанат Оспанов – Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:
– Городецкая, Мерген, Кривощеково, Ақанбарақ, Сергеевка, Астаган, Семиполка, Новопокровка және Ыбыраев елді мекендеріндегі кейбір үйлерге су жетуі мүмкін. Аталған ауылдар мен селоларда арықтар қазылып, жағалай бөгеттер тұрғызылды.
Берік Қасен – тілші:
– Сол ауылдар мен селоларда тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, адамдар мен жануарларды эвакуациялау жоспары түзілді. Егер жұмыс күші мен техника жетпей жатса, маңызды шаруаға жергілікті агроқұрылымдар тартылмақшы.
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ІІ вице-министрі Юрий Ильин тікұшақпен Уәлиханов, Тайынша, Есіл ауданындағы су алуы мүмкін аумақтарды жоғарыдан бағдарлап, Сергеев су торабының маңына тікұшақпен қонды.
ІІ вице-министрі алдымен Шал ақын ауданындағы даярлықты байқады. Қауырт маусымға деп жергілікті қазынадан 6 млн 400 мың теңге қарастырылған. Қаражаттың 20 пайызы мотопомпаларға, 900 мыңы жанар-жағармай алуға жұмсалыпты. Әкімдіктегілер инертті материалдар жеткілікті. Ауданға 3 600 литр дизельдік отын мен мың литр бензин бөлінді дейді.
Осы күні Шал ақын ауданының әкімдігі 100-ден астам адамнан жеке құрам жасақтаған.
Олардың арасында медбикелер, мал дәрігерлері, құтқарушы, тәртіп сақшылары, электршілер мен коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері бар. Олар күн-түн демей су тасқыны кезінде жедел әрекет етеді. Мамандар даярлықтарын пысықтау үшін оқу-жаттығу жиынын 4 рет өткізіпті. Қауырт маусымға аудан бойынша 45 бірлік техника әзір.
Су басқан жағдайда адамдарды автобуспен тасымалдайды. Тұрғындар уақытша мектепке орналастырылады. Оларға жеңіл көлікпен азық-түлік жеткізілмек. Малдарды қауіпсіз жерге шығаратын жүк көліктері даяр. Мотопомпа әрбір селолық округте бар. ІІ вице-министрі Сергев су торабының жұмысымен танысты. Нысанда ақау жоқ дейді осындағылар. Су қоймасы 98 пайызға толған. Бір жылдың ішінде осы жерден 3 млрд текше метр су өткізуді жоспарлап отыр.
Бағлан Қарабеков – “Қазсушар” РМК СҚФ Сергеев су торабының өндірістік учаскесінің бастығы:
– Гидротораптағы екі гидроагрегатты жаңасына алмастырдық. Су өткізу жағынан ешқандай қиындық жоқ.
Ақ ұлпа бабымен ғана ерісе бәрі ойдағыдай болады деп сендіруде вице-министр.
Юрий Ильин – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
– Былтыр су басқан елді мекендерге биыл айтарлықтай қауіп төнбейді. Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы қауырт кезеңге сақадай-сай. Кейбіреуі Қызылорда облысында жұмыс істеп жатыр. Егер Солтүстікте жағдай бақылаудан шығып кетсе, біз оларды осында жібереміз. Бүгін Тораңғұл көлінің үстімен ұшып өттік. Аталған су қоймасына қатысты кейбір мәселелер бар. Мұнда гидротехникалық құрылым салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыс қазынасынан тиісті қаражат бөлінді. Тас және темір жолдың бойындағы су өткізгіш құбырлар мен арықтарды тазалауға күш жұмылдырылмақ.
Жалпы, өңірдегі бөгеттерден көп мөлшердегі су сәуірдің 10-ынан бастап босатыла бастайды. Сол кезде аудандардағы барлық жеке құрамдар күшейтілген түрде кезекшілік жасайды.
Берік Қасен