МТРА жаңалықтары

Жаналықтар арнайы репортаж

Көктемнің шуақты мейрамын тойлауға бүгін жұртшылық таңмен таласа тұрып ерте келді. Жиналған қауымның назары мына сахнаға ауған. Мұнда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлары көрініс ұйымдастырды. Тақырыптық қойылым ұсынып, қазақ халқының бар салт-дәстүрін паш етті. Қыдыр атаның батасы да беріліп, аластау рәсімі көрсетілді.

Бұдан соң теріскей жұртын жаңару мерекесімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

– Құрметті солтүстікқазақстандықтар! Қадірменді ағайын! Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің жайдары, жарқын мерекесі, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.

Кейін аймақ басшысы М.Жұмабаев көшесі бойында қаз-қатар тізілген ақшаңқай киіз үйлерді аралады. Айыртау ауданы тіккен шаңырақ астында ұлттық құндылықтың барлығы жайғастырылған. Келген қонақтарға қымыз беріліп, дастарханға шақырылуда. Ат әбзелдерінен бастап ыдыс-аяққа дейін бар мұнда. Елецкий ауылдық кітапханасының қызметкері Сәуле Сыздықованың айтуынша барлық бұйымдар киіз үйге кіре бергенде оң жақта орналасуы керек.

Сәуле Сыздықова – Елецкий ауылдық кітапханасының қызметкері, Айыртау ауданы:

– Ас дайындайтындықтан сол жақта, ал ер адамның заттары оң жақта тұруы керек. Ортада дөңгелек үстел қойылады. Келген қонақтарды қарсы алып, дастарханға шақырамыз.

Бұл күні қаз-қатар киіз үй тіккен аудан ұжымдары бір-бірінен қалыспай қонақжайлылықтарын көрсетіп-ақ тырысуда. Бірі кәмпиттен шашу шашса, енді бірі домбырамен ән шырқауда. Ал, келесілері мың бұралып “Қара жорға”-ны билеп берді.
Ал, мына жерде спорттық алаң құрылған. Бұл маңда иықтары тоқпандай жігіттер гір, қой көтеруден сынға түссе, жауырыны жер иіскемеген палуандар боз кілем үстінде белдесуде. Жеткіншектер болса асық атудан мықтыны анықтауда.

Теріскейліктердің көңіл күйі шат-шадыман. Үлкендері жәрмеңке аралап, концерттік бағдарламаларды тамашалап жатса, кіші жастағылар төрт-түліктің қасында суретке түсіп, алтыбақан тепті.
Мына тұрған қыран құс жұрттың назарын өзіне аудартпай қоймады. Найзағай есімді 5 жасар бүркітпен естелікке суретке түсуге, тіпті, кезек құрылған. Бұл – Ақжар ауданынан келіп отырған Ақылбек Қалиевтің құсы. 2 жыл бойы құсбегілікпен айналысады екен.

Ақылбек Қалиев – құсбегі, Ақжар ауданы:

– Енді бұл ата-бабадан қалған салт қой. Ақмола облысында менің ағам бүркіт баптайды. Сол кісіден тәлім алып, өзім де осы істі қолға алуды жөн санадым. Құсты баптағанда ұрмау керек, соқпау керек.

Әз Наурыз мейрамға өңір полицейлері де ерекше дайындалыпты. Жеке құрамның көбі күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жүргеннің өзінде облыстық ІІД-і киіз үй тігіп, теріскейліктерді қарсы алуда. 8 қазан палау дайындап, үй сыртына төрт-түлікті байлапты.

Сағындық Темиреев – Тайынша аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

– Міне, үшінші жыл қатарынан киіз үй тігіп, департаменттің ардагерлері мен қаладағы зейнеткерлерге арнап ас берудеміз. Бүгінгі күні  Мұнда 13 түрлі тағам әзірленді. Барлығын біздің киіз үйге шақырамыз.

Бүгінгі думанда солтүстікқазақстандықтар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ақ мол болсын деп тілесті.

– Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!

– Әз-Наурыз баршамызға құт-береке әкелсін. Заманымыз тиыш болсын.

/////////

– Ұлыстың Ұлы мейрамын солтүстікқазақстандықтар бар сән-салтанатымен тойлауда. Орталық алаңға көктем мерекесін қарсы алуға жиналғандар қарақұрым. Жұртшылық ұлттық ойындар ойнап, әр халықтың асынан дәм татып, ән айтып көңіл көтеруде.

Қазақтың қара домбырасын асынып, оюлы шапандарын киген азаматтар тойдың сәнін келтіруде. Жиылғандардың әрқайсысы өз өнерлерін ортаға салуда. Ешкім де тартылып қалмады. Бірі бастаған әнді келесісі қоштап әкетті. Қазақтың жаңа жылын тойлауға өңірде өмір сүретін 80-нен артық ұлт пен ұлыс түгел шыққан.

Қайырлыбай Нұрмұқанов, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ мүшесі:

– Қара домбырамды алып, келіп қалдым. Әнсалып көңіл көтеріп жүрмыз.

Раиса Рамазанова: Татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:

– Наурыз құтты болсын, барлық жақсылықтарды тілеймін.

Қос қазанда 7 500 адамға жететін палау әзірленіп жатыр. 9 мың бауырсақ таратылды. Жиылғандар дайын болған астың дәмін татты. Мына дастархан – татулық пен бірліктің нышаны. Себебі, қазақтың бауырсағы, тәжіктің фатирі, кәрістің тамчидасы мен татардың чак-чагы үндесіп тұр. Петропавлдағы 25 этномәдени орталықтың барлығы да Наурыз мейрамында өз ұлттық астарын қойып, мол дастархан жайған. Үстелдің төрін көшпелі қазақтың ұлттық тағамдары алып тұр.

Толқын Мақашқұлова, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ мүшесі:

– Қыстан қалған сүріміз, бауырсағымыз, сарымы майымыз бен наурыз көжемізді әкелдік.

Толқын Мақашқұлованың Наурыз көжесінен түмендік қонақтар да дәм татты.

Гүлбайда Қалиева, Түмен облысының тұрғыны, РФ:

– Бізде 22-сі емес, демалыс күндері тойлаймыз. Барлық қазақстандықтарды құттықтап келіп қалдық.

Мұндағы мерекеге Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ортақтасты. Ұлттық киімдерін киген эномәдени орталық мүшелері өңір жетекшісіне бір дастарханда үндестік тапқан түрлі ұлттың асын таныстырды.
Ал, одан әріректе солтүстікқазақстандықтар өнер ұжымдарының концертін тамашалап жатты. Қара жорға биін бір мезетте жүз қыз-жігіт орындады.

Кейін, топ ішінен тұлпар мінген Қызыр ата шығып бата берді. Жиылғандар тыныштық, молшылық пен тоқшылық тілеп қол жайды.

Жұртшылық бірнеше сағатқа созылған “Қош келдің, мерейлі Наурыз” бағдарламасын тамашалады. Киіз үйлерге кіріп дәм татып, алтыбақанда тербелді. Үлкен-кіші бойларын жазып, мерекені қуанышпен қарсы алды.

– Бүгін бойымыз сергіп демалып жүрміз. Бәрі жақсы өтуде.

– Күн де жылы, халық та қуанышты. Бүгін мерейлі наурыз болып тұр.

Кейін “Пай-пай қазақтың келіндері-ай” сайысы басталды. Оған өз отбасының ұйытқысы болып отырған 8 келіншек қатысуда. Әр келінге қойылатын талап қатаң. Сандуғаш Жұматаева – дәл осы сайыстың 2016 жылғы жүлдегері. Бүгінгі шарада қазылық ететін ол келіннің бойынан табылуы керек басты қасиеттерді тізіп берді.

Сандуғаш Жоламанова, қазылар алқасының мүшесі:

– Келін әдепті, сыпайы, ата-анасының көңілін таба алатын болуы тиіс. Бүгін олар тамақ әзірлеп, өнерлерін көрсетеді.

Дәл қазір Малют ауданынан келіп отырған келін Маржан Қойшина өзін таныстыруда. Екі баланың анасы қазақтың салт-дәстүрінің түгелін білемін, сұрақтардан мұқалмаймын. Дайындығым жоғары, қайтсем де жеңіп шығамын деп сенімділігін көрсетті. Бірақ, бүгін жұрт алдында бар өнерін паш ететін сайысқа қатысатынын енесіне айтпай келіпті. Жеңіске жетсе қуантпақшы екен.

Маржан Қойшина: Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің оқытушысы:

– Салт-дәстүрлі 100 пайыз білемін. Жеңіп шағыман деп ойлаймын.

Дәл осындай көңіл күйдегі Наурыз мерекесін тойлау Петропавлда үш күнге жалғаспақ.

/////////

Берік Қасен – тілші:

– Көктемнің айшықты мерекесін ПИК-тері де бар сән-салтанатымен атап өтуде. Тұрғындар таң атпастан ауланы жинастырып, ортаға дастархан жайды.

Қала аулаларында Наурыз мейрамын атап өту туралы ұсынысты тұрғындарға облыс әкімі жасапты. Құмар Ақсақаловтың бұл бастамасын 30-дан астам ПИК-і құптады. Әркім мейрамға өзінше дайындалыпты. Мысалы, 20-ықшам ауданындағы Нель Болатбаев көшесінің тұрғындары өз қолдарымен түрлі тағамдар жасап әкелген. Айгүл Жамбутина көршілеріне Наурыз көжеден ауыз тигізді. Оны қайын енесі әзірлеген екен. Осы аулада қазақ, орыс, татар тағы да басқа ұлттар ауызбіршілікте өмір сүреді. Олардан балалары да үлгі алуда. Татар ұлтының өкілі Асхат Хамитов жаңару мейрамын көппен бірге атап өту үшін жұбайы Люция, қыздары мен күйеу балаларын, немере-жиендерін
далаға алып шығыпты.

Асхат Хамитов – қала тұрғыны:

– Барлық көршілеріме аманды-саулық тілеймін. Еліміз гүлдене берсін. Патшамызға есендік тілеймін.

Осы күні балалар ойынның қызығына батты. Олар үшін арнайы шақыртылған “Счастливый день” компаниясы қызықты ойындар ұйымдастырды.

Осы аулада 430 отбасы тұрады. Көбінің үйінде қариялары мен кішкентай балалары бар.

Валентина Новиженная – “5-ая линия, 4” ПИК төрайымы:

– Тұрғындар Наурыз болады дегенді естіп, дайындықты таңғы алтыдан бастады. Бізге қалалық әкімдік, Петропавл ауыр машина жасау зауыты көмектесті. Мерекеге аниматорларды шақырттық. Облыс әкімінің бұл бастамасын, әсіресе, қариялар қызу қолдады.

Жерлестеріміздің қуанышына өңір жетекшісі ортақтасты. Құмар Ақсақалов қалалықтарды әңгімеге тартып, сөз барысында жоспарларымен бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл тұрғын үй және жол құрылысы жұмыстарының көлемі артады. Абаттандыру шараларымен айналысамыз. Осы мақсатқа қалаға қосымша қаражат бөлеміз.

Азаматтар Наурыз мейрамын әр аулада тойлауды игі дәстүрге айналдыру керек деген ортақ пікірлерін айтып жатты.
Ал, мынау – 20-шы ақшам ауданындағы “Рахат үй” ПИК-і. Осы аулада 600-ден астам отбасы тұрады. Бүгін олар үшін Наурыз мерекесін №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатының ұжымы өткізді. Киіз үй мен алтыбақан орнатқан да, палау, бауырсақ, кәуап әзірлеп әкелген де солар.

Уәлиханов көшесіндегі 48-үйдің тұрғындары да Ұлыстың Ұлы күнін думандатып тойлауда.

Уәлиханов көшесінің тұрғындары өнерден кенде емес. Домбырада ойнап, қазақтың халық әндерін қосыла шырқады. Ағайындарымыз бірігіп Ұлыстың Ұлы күніне деп бір қой сойып, бесбармақ пісірген. Көрші тұратын күрд, әзірбайжан, ұйғыр ұлттарын да ұмыт қалдырмапты. Түркі тілдес халықтар қазан толы палау әзірлеген.

Махмед Афандиев – қала тұрғыны:

– Тұрғындарға зор денсаулық тілеймін. Бірлігіміз баянды болсын.

Арман Абилгазин:

– Наурыз құтты болсын. Әрбір отбасына береке, бақыт тілеймін.

Осы күні Наурыз мейрамы қаладағы 30-дан астам аулада тойланды.

//////////

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Наурыз мейрамын тойлау шаралары қаланың орталығында ғана емес, шеткері аудандарында да бар сән-салтанатымен өтуде. Биыл алғаш рет «Корона» сауда үйінің алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтерді. Қазанда бұрқырап палау, наурыз көже пісірілуде. Алысқа бармай-ақ, мерекелік дастарханнан дәм татып, той думанды тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды.

Көпқабатты үйлердің ортасында нағыз шағын ғана қазақ ауылы жайғасқандай. Бұл жерде қатар тігілген 3 киіз үй маңында қазан-ошақ жағын қамдап жүрген қыз-келіншектер мен алтыбақан тебу үшін кезекке тұрған ойын балаларын көруге болады.

Ал, мына жерде өзіне сенімді жандар спорттың бірнеше түрі бойынша күштерін сынады. Медаль, кубоктар берілмесе де, жеңгендер құр қол қайтқан жоқ.

Арман Жәмишев – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының сектор жетекшісі:

– Арқан тарту, гір көтеру, армрестлинг сиякты спорт ойындары өткізілуде. Кез келген адам қатыса алады. Ұтқан адам шағын сыйлықтармен марапатталады.

Ал киіз үйлердің ішінде жайылған дастарханға ең алдымен ардагерлер жайғасты. Алғашқы шаңырақта қонақтарды күткен нұротандықтар мерекеге орай қой сойып, 25 келі бауырсақ әзірлеген. Келесі киіз үйде қалалық құрылыс бөлімі орналасыпты. Олар да келген қонақтарын күтіп, үстел үстін түрлі дәмге толтырып қойған. Таң сәріден мерекелік дастарханнан үлкен-кіші ауыз тиіп жатыр.

Ал, мына киіз үйде қалалық жер қатынастары бөлімінің кең дастарханы жайылған. Келісіп пішкен тон келте болмас демекші, олар барлығы бірігіп осы баспананы мерекеге орай әзірлеген екен. Ішін ою-өрнектермен әрлеп, қазақы нақышта безендірген. Жаңару күнінде барлығын тегін аспен қамту үшін мұндағылар бір қой сойып, тағы 10 келіге жуық жылқы етін алған.

Қуаныш Құнанбаев – Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің құқықтық сауалдар бойынша инспекторы:

– Палау дайындадық. Оның жартысын осында берсе, жартысын қазан маңында тегін үлестірдік. 25 келі бауырсақ пісірдік. Тәтті алдық. Барлығын өзіміздің қыз балалар істеді.

Аяжан Ғабдуллина қос баласын ертіп, бүгін Наурыз мерекесін тойлау шараларын көруге «Корона» сауда үйінің маңына келген. Ежелден келе жатқан мейрамды отбасымызбен асыға күтеміз дейді.

Аяжан Ғабдуллина – қала тұрғыны:

– Бүгін отбасымызбен келдік. Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Былтырғы жылы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Осы уақытта талай өзгерістер болды. Еліміз өркендеп дамып келе жатыр. Алдағы уақытта 30 дамыған елдің қатарына енетінімізге сенеміз. Қазақстан өркендеп дами берсін.

Наурыз-күн мен түннің теңеліп, табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі. Ел-жұрт қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын шақ. Сондықтан, Наурыз мейрамына жиылған тұрғындар бір-бірін шуақты мерекемен шын жүректен құттықтауда.

– Әз наурыз мерекесімен құттықтаймын. Денсаулық, мол бақыт, ашық аспан тілеймін.

– Тойлап жатырмыз, көңіл күй тамаша. Балалар күліп, ойнап жатыр. Қуаныштымыз. Қазақстан өркендеп дами берсін.

Еліміз сан ұлтты бауырына басып, олардың ортақ отанына айнала білді. Сондықтан, Қазақстанды мекендейтін барша этностардың татулығы мен бірлігі осындай жарқын мерекеде ерекше көрініс табады.

Мейрам үлкен-кішінің барлығының көңілінен шыққан сыңайлы. Әсіресе балғындарға арналып түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Заманауи мультфильм кейіпкерлерімен асыр салып ойнаған олар мерекелік алаңның көркін сыңғыр күлкілерімен аша түскендей болды.