МТРА жаңалықтары

Қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс 10-шы сессиясы өтті

Гүлнар Әмренова – Петропавл қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Қаржының басым бөлігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік салалар мен баспана құрылысына бағытталмақ. Тағы 7 көппәтерлі үйдің құрылысын аяқтап, Жамбыл көшесі бойындағы 332 пәтерлі баспананы тұрғызуға қаржы бөлінетін болады.

Қаржының тағы бір бөлігі әкімнің есеп беру кездесулерінде айтылған тұрғындар өтінішін орындауға жұмсалмақ.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Кездесулерде тұрғындардан көптеген сауалдар келіп түсті. Ол аббаттандыру, үй құрылысы өзге де әлеуметтік мәселелер. Петропавлдықтар балалар алаңқайларын тұрғызу, жаттығу құрылғыларын орнатуды сұрады. Жамбыл көшесі бойындағы үйдің құрылысына бүгіннің өзінде 150 млн теңге бағытталып отыр. Осы жұмыстарды жоспарға сай орындауға тырысамыз.

Жалпы қала бюджетін нақтылауға қатысты оқылған баяндаманы халық қалаулылары бірауыздан мақұлдады. Тағы депутаттар қолдауына осы уақытқа дейін жұртшылық арасында бірталай шу тудырған қоғамдық көлікпен жүру ақысына қатысты сауал да ие болды. Сөйтіп,бұл іске де нүкте қойылды. Енді қалаішілік автобустарда қатынау-80 теңге болмақ.

Болат Омаров – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қосалқы бөлшектерге деген бағаның өсуіне, жанар жағармай құнының шарықтауына байланысты тасымалдаушы кәсіпорындар бағаны көтеру туралы өтініш түсірген болатын. Біз барлық жағдайларды салысытырып, зерттей келе Петропавлда жол ақысын 80 Бескөл-Петропавл бағытында-150, Ольшанка-Петропавл-240, Петропавл-Пенькова-135 және Петропавл-Соколовка-300 теңге болмақ. Бүгіндері қала әкімдігі тарифті өсіруге қатысты арнайы қаулы әзірледі. Ол алдағы уақытта БАҚ және арнайы сайтта жарияланады.

Сөйтіп, осы айдың аяғы, не сәуірдің басында қоғамдық көліпен жүру бағасы қымбаттайтын болады. Бұл ретте әңгімеге араласқан қала әкімі жол ақысы көтерілсе, онда қызмет көрсету сапасын да арттыру керектігін айтты. Өйткені бүгінгі жағдай көңіл көншітпейді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Есептік кездесулерде тұрғындардан автобустардың жағдайына қатысты көптеген шағымдар келіп түсті. Сондықтан мәселені реттейтін кез келді. Жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекелігі, бағыттан ауытқу, кір-лас автобустар. Тағы олардың тарлығы. Мұның барлығы ескерілуі тиіс деп ойлаймын. Мұндай талаптарды ескермеген тасымалдаушылармен қош айтысу қажет.

Шаһар басшысы қалада жүйіткіп жүрген Қытайдың кішкентай ғана автобустарын алдағы уақытта үлкенге алмастыру қажеттігін де айтты. Мұны депутаттар да қолдап отыр. Десе де, бұл мәселе болашақтың еншісінде. Кездесуде қаралған 3-ші сауал әлеуметтік төлемдерге қатысты болды. Сөйтіп, ҰОС қатысқан ардагерлер мен мүгедектердің 9 мамар -Жеңіс күнінде алатын бір реттік төлемақылары 50 АЕК 100-ге дейін артпақ. Бұл сауал да депутаттардың қолдауына ие болды. Бұдан бөлек жиында сессияның жұмысына қатысты тағы екі сауал қаралды.

 

Магжан Ахмадина