МТРА жаңалықтары

Көктемнің алғашқы күндерінде 3 солтүстікқазақстандық тілсіз жаудың құрбаны атанды

Оқыс оқиғаның бірі наурыздың 2-сі күні облыс орталығында орын алған. Павлов және Ущев көшелерінің қиылысындағы ашық алаңда орналсқан күзет бөткесі жанып кетіп, Ішінен 66 жасар ер адамның мүрдесі табылды. Әзірге бөткенің иесі анықталу үстінде. Ал көктемнің алғашқы күнінде Тайынша ауданында жер үй өртке оранды. Салдарынан 35 жастағы әйел көз жұмды. Бұл уақытта баспанада онымен бірге 11 жасар қыз да болған. Абырой болғанда, ол аман қалып, күйікпен ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, дәл осы күні Қызылжар ауданының Архангелька селосында да оқыс жағдай анықталды. Мұнда жалпы аумағы 85 шаршы метр болатын үйді қызыл жалын басып алып, санаулы минут ішінде оны күлге айналдырған. Өкінішке орай, бұл жерде де адам шығыны тіркеліп отыр.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қайтыс болған ер азаматтың психологиялық ауруға душар болғаны белгілі болды. Жігіттің анасы жұмыстарымен сыртқа шығып кеткен. Қайтып келгенде, үйінің өртке оранғандығын көрген. Оның сөзінше, баласы көктем басталысымен өзін жайсыз сезінетін. Сол себепті бұл оқыс жағдайды жігіттің өзі де әдейі істеуі мүмкін дейді анасы. Яғни, ол үйін жандырып, өзі де ішінде қалған. Қазір бұл істі біз ІІО-на жібердік.

 

 

Айгерім Ержанова