МТРА жаңалықтары

Наурыз айында ауа райы құбылмалы болады деп күтілуде

– Міне, ызғарлы қыс мезгілі аяқталып, шуақты көктем де келіп жетті. Бұл – қардың көбесі сөгіліп, жылғаларға су толатын уақыт. Бірақ, ауа райын болжаушылар солтүстікқазақстандықтарға жеңіл киінуге әлі ерте дейді. Себебі қардың сызы жылдам кете қоймайды.

Мәселен, наурыз айының алғашқы онкүндігінде күндіз 2-3 градус жылы болады. Кей жерлерде ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендейді. Ал түнде сынап бағаны -15-ке дейін жетіп, аяз болады.

Гүлзат Ғазизова – Солтүстiк Қазақстан гидрометеорология орталығы метеоболжам бөлiмiнiң жетекшiсi:

– Екінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде 18-23, кей жерлерде 28 аяз. Күндіз 12-17, кей жерлерде 7 аязға дейін төмендейді. Одан кейін түнде 0-5 кей жерлерде 10 аязға дейін, күндіз 0-5 жылы, кей жерлерде 5 аязға дейін жоғарылайды.

Бұл айдың 3-ші онкүндігінде де дәл осындай ауа райы сақталады деп күтілуде. Десе де, жерлестеріміз көктемнің оң қабақ танытып, күннің жылы болатындығын қалайды. Өйткені, наурыз айы – мерекеге толы шуақты уақыттың бірі. Бұл айда күн мен түннің теңеліп, барша қазақстандықтар Наурыз мейрамын асыға күтеді.

– Көктем – ең керемет мезгіл. Ол мерекеге толы. Сондықтан бұл күндерді жақсы көңіл күймен, таза ауада өткізгіміз келеді.

– Наурыз дәл бүгінгідей жылы болса екен деймін. Өйткені мен кішкентай немерелеріммен далаға қыдыруға жиі шығып тұрамын.

Сонымен қатар, көктемнің алғашқы айында жауын-шашынның мөлшерден көп түсетіні болжанып отыр. Арты көктайғаққа ұласуы мүмкін. Бұдан бөлек мерекеге толы ай тұманды болады деп күтілуде.
Тарихқа көз жүгіртсек, синоптиктер өңірде ең суық ауа температурасын 1954 жылдың 3-ші наурызында тіркеген. Ол күні сынап бағанасы -36 градусқа дейін төмендепті. Ал ең жылы күн 2008 жылдың 30-шы наурызында орын алған. Бұл күні ауа температурасы +14 градус жылылықты көрсетіпті.

 

Айгерим Ержанова