МТРА жаңалықтары

Петропавлда этностар форумы өтті

Қалғандары болса, залдағы орындарға жайғасып, форумның басталуын күтуде. Бұл жандар – солақай саясаттың салдарынан Қазақстанға еріксіз қоныс аударған этностардың балалары мен немерелері. Олар бүгінде кеңпейіл халқымызға алғыс айту үшін келіпті. Жиналғандарды ізгілік мерекесімен аймақ басшысы құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алғыс айту күні елімізді мекендеген сан ұлтты ұлықтап, достығымызды насихатайтын, қайырымдылыққа шақыратын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін күн. Тарихымызға тағзым етіп, ата-бабамызға бас иіп, береке-бірлікке шақыратын мейрам.

Сонау 30-шы жылдардан бастап түрлі жылдарда 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері Қазақ жеріне қоныс аударған болатын. Диаспоралардың ішінде немістер өте көп болыпты – 800 мың. 30-шы жылдар қасіретке толы болды. Алаш арыстары жазықсыз қуғындалды, ашаршылық белең алды.

Сонда да қазағымыз өз қайғысына қайыспай, қиын-қыстау заманда келімсектердің де басына түскен ауыртпалықты бірлесіп көтере білді. Бұл адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Жерлесіміз Шәрбан Камалиева Аққайың ауданына қарасты Рублевка селосында өскен. Ол ауылда Шәрбан Камалиеваның ата-әжесі мен ата-анасы неміс, украин, белорусь, поляк ұлттарымен қара нанды бөлісіп жеген.

Шәрбан Камалиева – зейнеткер:

– Әсіресе, қарақытайлықтар есіме түседі. Олардың үстінде киімі ғана бар еді. Әр үйге барып, нан сұрап жүретін. Ата-әжем оларға үйден орын беріп, баспанада орынболмаса шошалаға орналастыратын. Сөйтіп қамқор болды. Біздің үй поляктардан пешті салып, соны әдемілеуді үйренді.

Өзге ұлттың өкілдері де қазақтардан көп нәрсені үйреніпті. Неміс ұлтының қызы Людмила Бейлованың атасы мен әжесі де Қазақстанға саяси қуғын сүргін жылдары қоныс аударған. Қазір олардың ұрпақтары елімізде тұрып жатыр. Қазақстанды өз Отаным деп санайды.

Людмила Бейлова – «Видергебурт» облыстық неміс мәдени орталығының мүшесі:

– Ата-әжемнің айтуы бойынша қазақтар ешбір ұлтты бөліп-жармаған. Бәріне бірдей жағдай жасапты. Үйлері жоқтарға баспана тұрғызып, қолда бар мал-мүліктерімен бөліскен. Көршілерімен туысынан да жақын араласыпты. Соған әжем қатты таңғалғанын айтты. Тіпті. соңғы үзім нандарын аямаған. Әжем құрттың, бауырсақтың не екенін қазақ жерінде білген.

Ресми мәлімет бойынша, 1938 жылдары сонау Қиыр шығыстан Қазақстанға 18 мың кәріс отбасы депортацияланған екен. Қазіргі таңда олардың саны 100 мыңға жетіпті. Сахна төрінде алғысын білдіріп тұрған Евгений Хан – сол ұлттың өкілі.

Евгений Хан – «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» РҚБ СҚОФ төрағасы:

– Кәрістердің Қазақстанда тұрып жатқанына биыл 80 жыл толды. Біз кәрістер қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Депортация жылдары ата-әжелеріміз осы елге қыста көшіп келген. Олар ызғарлы аязды өмірінде көрмеген. Аш, жалаңаш болды. Бірақ, қазақтар аталарыма үлкен қолдау көрсетіпті. Сол кезде жергілікті тұрғындар қоныс аударушыларға көмектеспегенде, кім біледі көбі аштықтан, суықтан қырылып қалар ма еді. 

Депортация жылдары өзге ұлттар шарасыз күйде не істерін білмей балаларын далаға тастап кеткен жағдайлар да болыпты. Тірі жетім қалған балаларын қандастарымыз бауырларына басқан. Мұның бәрі тарихта бар.

Шүкір, бүгінде барша ұлттың бірлігі жарасқан. Қазір бар жаһанға татулық деп жар салған елімізді білмейтін шетелдік кемде кем шығар. Этностар форумында түрлі ұлттар достық, бейбітшілік тақырыбындағы әндерін шырқады. Осылайша, қазақ ұлтына алғыстарын білдірді.

Берік Қасен