Андрей Полоцкий – М.Айтхожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектептің 9-сынып оқушысы:
– Менің жобам 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысы нашар көретіндерге, екіншісі – мүлде жанарынан айырылғандарға арналған. Оқушы компьтерлік ойынды арнайы есту аппараты арқылы орындайды. Жұмысты аяқтағаннан соң тапсырманың жауабы жетеді. Мен бұл жобамды Дарья Румянцева есімді қызға қолданып көрдім. Қазір ол тарих, математика сынды пәндерді біраз меңгеріп қалды.
Ал, Анастасия Шилина өлкеміздің әдеби-туристік аудандарына қатысты ерекше жоба әзірлепті. Оқушының туындысында жергілікті ақын-жазушылардың ескерткіштері, олардың өлең-жырларында кездесетін 50-ге жуық жер-су атаулары жазылған. Осы жұмысы арқылы бұрымды қыз өңірімізге сырттан келетін жандардың қызығушылығын одан әрі арттырсам дейді.
Анастасия Шилина – Краснознаменная орта мектебінің 9-сынып оқушысы, Мамлют ауданы:
– Мен өз жобамды қыркүйек айынан бері әзірледім. Ол үшін тарихи және әдеби кітаптарды жетекшіммен бірге көп оқыдым. Жұмысымда М.Жұмабаевтың шығармаларында кездесетін Жамбыл ауданындағы Сасықкөл жайлы көп айтылады. Тағы, теріскейлік ақын-жазушылардың Петропавлда орналасқан ескерткіштерін туындыма қостым.
Жалпы, “Менің отаныма арналған бастамам” атты жобалар байқауында 25 жұмыс қаралды. Оларды қазылар алқасы тақырыптың ашылуына, өзектілігіне және жаңашылдығына қатысты бағалады. Жеңімпаз атанғандар 12 сәуір күні өздерінің жұмыстарын республикалық кезеңде қорғамақ.
Динара Шәймерденова – СҚО Білім саласынлағы әдістемелік орталықтың аға әдіскері:
– Байқау 4 аталым бойынша өтуде. Байқау ережесі бойынша 9 жүлделі орынға ие болған оқушы анықталмақ. Олар Атырау қаласында өтетін республикалық сайысқа қатысады.
Жобалар байқауы соңында үздіктерге мақтау грамоталары табысталды.
Култанов Байболат