Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайындық шаралары жүргізілуде

Көл тереңдетіліп, 5 метрлік ор қазылған. Бұл жұмыстарды жүргізуге 6 млн теңге қаржы жұмсалыпты.

Ержан Шәріпов – М.Жұмабаев аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы еріген қар суының салдарынан бұл көл деңгейі 80 см-ге көтерілген болатын. Сондықтан, жазғы уақытта су көзінің жиектері көтеріліп, тереңдетілді. Сонда еріген қар суы үйлерге жақындамай ойыққа қарай ағады

Ал судың бетіндегі қар еріп, көл деңгейі көтеріле түскенде бұл жерге екі сорғыш орнатылмақ. Олардың бірі тасымалданатын қондырғы болса, екіншісін аудан басшылығы биыл сатып алған.

Жанбота Қайыржанов – Булаево қаласы әкімінің орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұл сорғы қондырғысы сағатына 400 текше метр суды сорып алуға қауқарлы. Электрлік құрылғы күні бойы жұмыс істесе, 20-25 күнде ондағы су деңгейін қалыпқа келтіреді деген ойдамыз.

Биылғы қыс қарға сараң болмады. Жапалақтап жауған қардың мөлшері нормадан екі есе жоғары. Сондықтан, бүгіндері онымен күрес қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде Булаево қаласының көшелерін 15 техника қардан тазалап жүр.

Жақсылық Есдәулетов – М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

– Бүгінге дейін 20 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Коммуналдық мекемелер екі ауысымда жұмыс істейді. Биыл жаңа техника – тиегіш эксковаторы бар трактор алынды. Қаланы ақ ұлпадан аршу шараларына 4 млн теңге қаржы бөлінген.

Көктемгі су тасқынына дайындық шараларына аудандық бюджеттен 47 млн теңге қаржы бөлінген. Жергілікті шенеуніктер қауырт маусымға тас түйін дайынбыз деп отыр. Шынымен де солай екендігіне сенейік. Өйткені, аудан бойынша 8 елді мекенді су басу қауіпі бар.

Ержан Шәріпов – М.Жұмабаев аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

– Алуа, Возвышенка, Полудино, Сарытомар, Ноғайбай, Беняш, Бастомар, Александровка және Булаево қалаларын су басу қаупі бар. Сондықтан, қауырт маусымда агроқұрылым өкілдері де көмекке келмек. Бүгіндері адамдарды жеткізетін пункттер әзірленіп, азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек қоры дайындалды.

Ал мынау ұзатылатын қыздың жасауындай әдемілеп буып-түйілген қаптар. Негізінде олардың ішіне құм толтырылуы тиіс. Әзірге олар бос. Алда-жалда су тасқыны бола қалса, оларды қажетті материалдармен толтырып, оқиға орнына жеткізіп үлгереді деген үміт басым.

 

Магжан Ахмадина