МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметтердің кейбір түрі ҮЕҰ беріледі

Әлия Галимова – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы:

– Биыл елімізде тұңғыш рет азаматтық қоғам институтын дамытуға үлес қосқан ҮЕҰ-дарға грант беріледі. Қаражаттың 10 пайызын ұйымдар мен жекелеген топтар мамандардың біліктілігін арттыруға, материалды- техникалық базасын нығайту үшін жұмсай алады. Бүгінде мемлекетке аяғынан нық тұрған, мықты бірлестіктер қажет. Олар қоғамның әлжуаз топтары мен өзге де санаттағы азаматтардың мүддесін қорғайды.

Алдағы уақытта мемлекеттің экономикадағы үлесі кемиді. Бұл дегеніңіз үкімет пен жергілікті атқарушы органдар ықшамдалып, мемлекеттік органдарда көрсетілетін қызметтің кейбір түрлері ҮЕҰ-дардың құзырына берілмек. Мысалы, мүгедектерге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдар жүзеге асыруы мүмкін.

Әлия Галимова – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің азаматтық қорғам істері комитетінің төрайымы:

– Жуық арада азаматтық секторды дамытуға екпін беріледі. Біз белсенді ұйым жетекшілерін таңдап алып, оларды оқытамыз. Бизнесмендермен жұмыс жасау, әлеуметтік жобаларға инвестиция тарту механизмдерін егжей-тегжейлі үйретеміз. Келешекте ҮЕҰ -дардың бәсекеге қабілеттілігі артады, олар экономикаға үлес қосады. Сонымен қатар ел аумағында ең үздік ұйымдарды анықтап, оларға 4,5 млн теңге мөлшерінде сыйлықақы береміз. Осы мақсатқа ел қазынасынан 612 млн теңге бөлінді.

Алдағы уақытта Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің деректер базасындағы барлық ҮЕҰ-рының жұмысы тексеріледі. Алаяқтары табылса, азамттық сектордан аластатылып, мемлекеттік-әлеуметтік конкурстарға қатыстырылмайды. Министрліктерде коммерциялық емес ұйымдардың жұмысы туралы және мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс беру үрдісін жеңілдету жөнінде заң нормалары жетілдіріледі. Осы тұста теріскейліктер Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкіліне біраз сауалдар қойды. Соның бірі қоғамдық кеңестерге қатысты болды.

Павел Афанасьев – Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

– Қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың міндеттері өте ұқсас. Біз депутаттар кеңеске мүшелік етеміз. Көп жағдайда 1 сұрақты 4 рет қарастыруымызға тура келеді. Сонда қоғамдық кеңестің қажеті қанша деген сауал туындайды. Одан да сол функцияны мәслихат атқара бермей ме?

Азаматтық қорғау комитетінің төрайымы осы сұрақты назарға алды.
Әлия Галимова қоғамдық кеңес мүшелеріне ақша төлеу бойынша өтініштер қаржы министрлігінде қарастырылып жатқандығын жеткізді.

Берік Қасен