Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуі өтті

2016 жылғы кірісіміз 38 млрд теңгені құрады. 2015 жылмен салыстыра айтсақ, бұл – 18,5 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Өңір экономикасы да алдыңғы кезеңге қарағанда 1,9 пайызға артқан. Облыс қазынасына – 166 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына құйылған екен. Шетелдің қалталы азаматтарын теріскейге тарту жұмыстары әрі қарай да жалғасады. Сондықтан енді өлкеміз үшін дәстүрлі сала – агроөнеркәсіптік кешенге ойыссақ. Мешін жылының қортындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 1,8 пайызға артып, 416,7 млрд теңгені құраған. Былтыр өңірдің агроқұрылымдары қамбаға 5,5 млн тоннадан астам алтын астық құйды.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:


–  Үстіміздегі жылдың басынан бастап тамақ өнімдерінің өндірісі 83,6 млрд. теңгені құрады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша сарымай өндірісі – 1,6 пайызға, ұн – 32,7, ірімшік пен сүзбе – 6,6, кондитерлік өнімдер 12,0 пайызға өсті. Өткен жылы сомасы 7,8 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба жұмыс жасап, 270 жұмыс орны ашылды. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде сомасы 191 млрд. теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның негізінде 3,4 мың жаңа жұмыс орны пайда болады.

Өлкемізде өнеркәсіп саласы да қарыштап дамып келеді. Өткен жылы кәсіпорындарымыз 192 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өңірде тұралап қалған кәсіпорындардың тамырына қайта қан жүгірту бағытында да біраз шаруа тындырылуда. 2016 жылы осындай 5 мекеме қайтадан жұмысын бастаған. Жалпы олардың саны 27 екен. Бұл тізімде «Бихоим» зауыты да бар. Аймақ басшысы 2017 жылы серіктестік жұмысын бастайтындығын жеткізді. Жол мұраты жету демекші, бүгіндері халықты осы мәселе де толғандыратыны рас. Бұл ретте айту керек, өткен жылы 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 385 шақырым жергілікті жол жөндеу көрген. Ал үстіміздегі жылға бөлінген қаржы 11 млрд теңгеге жуықтапты. Соның арқасында 640 шақырым жолды қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Қазірде баспана мәселесі өзекті.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:


–  2016 жылы “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның салымшылары және жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғындар үшін 834 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды, оның 3-еуі былтыр пайдалануға берілді. Қалған 7 үйдің құрылысы 2017 жылы аяқталады. 1446 пәтерлік 16 тұрғын үй іске қосылады. Тағы 2016 жылы 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ, “СевКазЭнерго” АҚ қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысшы жастарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облысымыздың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақхана пайдалануға берілді.

Тікелей эфирде трансляциянған кездесу барысында халықтан өңір жетекшісіне көптеген сауалдар түсіп жатты. Ең алдымен Ерік Сұлтанов жазбаша және колл-орталық арқылы тұрғындардан келген сұрақтарға жауап қайырды. Олардың басым бөлігі жолдарды жөндеу және ауылдарды таза ауыз суымен қамтуға қатысты болды.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:


–  Шахавское ауылының тұрғындары су мәселесін көтеріпті. Осы проблеманы шешуге 362 млн теңге бөлінді. Сондықтан биыл жұмыстар жасалатын болады.

Кейін кезек залда орнатылған микрофондар алдына тізілген солтүстікқазақстандықтарға берілді.

Әлия Әшімова – Мектеп ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Мектеп ауылына дейінгі жол қашан жөнделіп бітеді?

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– Ильинка – Мектеп бағытындағы жолдың 20 шақырымы өткен жылы жасалды. Биыл қалған бөлігі жөнделеді.

Ал М. Жұмабаев ауданының тұрғындары Булаево қаласындағы стадион жөндеуді қажет етеді дегенді айтып отыр. Булаевтықтардың сауалына жауап берген облыс әкімі мұнда тағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланғандығын айтты.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:


–  Аудан әкімінің ұсынысымен Булаево қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу жоспарланып отыр. Бүгіндері жобалық-сметалық құжаттарын жасалуда. Оған 3 млн теңге қаржы бөлінді. Сондықтан осы жылдың аяғында, не келер жылдың басында нысанның құрылысы аяқталады деген ойдамын. Тағы аудан орталығындағы стадионды жөндеуге 15 млн теңге қаржы бөлінді. Сондықтан онда жұмыстар жасалатын болады.

Облыс әкімінің есептік кездесуіне қатысқан тұрғындар өңірдің дамуына көңіліміз толады дейді.

Бақытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Облыста оң өзгерістер орын алып жатқандығы қуантады.

Жангелді Тәжин – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:

– Әлеуметтік сала дамып келе жатыр. Балабақшалар тұрғызылуда.

Мағжан Ахмадина