Мұнда Президент білім беру, денсаулық сақтау сонымен қатар, әлеуметтік қамтамасыз ету саласын дамытуға қатысты бірқатар жаңашылдықты жариялады. Маңызды құжатта жазылған басымдықты “Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” ұжымына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаржы департаментінің директоры Жасұлан Омаров баяндап берді.
Жасұлан Омаров – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаржы департаментінің директоры:
– Елбасы өзінің жолдауында биыл зейнетақыны, бала туылғанда төленетін бір реттік жәрдемақы деңгейін былтырғыдан 20%-ға артырылатындығын айтты. Тағы, осы жылы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыламақ. Бұл дегеніміз елде жұмысшы мамандар саны артады. Қол қусырып бас жүрген тұрғындар білім алып, еңбекке араласады.
Бұл ретте залға жиналғандардың арасынан мейманға сұрақ қойғандар да табылды. “Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” мекемесінің директоры Руслан Камалиев психиатор, психотерапевт сынды мамандардың санын артыру қажет дейді.
Руслан Камалиев – “Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” МКМ директоры:
– Медициналық қызмет көрсету орындарына білікті мамандар аса қажет. Бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Алдағы уақытта дәрігерлердің санын көбейту мақсатында қандай жұмыстар атқарылады!?
Жасұлан Омаров болашақта бұл мәселелер түбегейлі шешіледі деді. Сонымен қатар, Жолдауда Президент үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырды. Мұның бірқатар артықшылықтары бар екен.
Жасұлан Омаров – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаржы департаментінің директоры:
– Мемлекеттік сатып алу жүйесі орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізілсе алдымен қағаз бастылық азаяды. Уақыт үнемделеді. Тағы, мұндай жаңашылдық сыбайлас жемқорлықтың санын азайтуға септеседі. Орталықтандырылған қызмет көрсету арқылы барлық жұмыстар республикалық, облыстық және аудандық басшылықтың қадағалауында болады.
Сонымен қатар, теріскейге іс-сапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаржы департаментінің директоры Жасұлан Омаров Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында болды. Бұл жерде де мейман мамандарға Елбасы жолдауында көрсетілген басымдықтарды орындауға бағытталған жұмыстар жайылы айтып берді.
Байболат Култанов