Спорт

Қарағандыда өткен ел чемпионатынан өңір палуандары жүлделі оралды

Сұлтан Бейсов – еркін күрес бойынша ҚР чемпионы:

– Қарағандыда өткен сайыста 6 кездесу өткіздім. Қарсыластарым Ақтөбе, Тараз, Шымкент қалаларынан. Күнделікті жаттығулардың арқасында жеңіске жеттім. Қазір наурыздың басында Якутияда өтетін турнирге дайындық үстіндемін. Сол жерде де алтыннан алқа тағынсам деймін.

Ал Азамат Бейсенғалиев күрестің басқа түрімен шұғылдануда. Оның грек-рим күресімен айналысып жүргеніне 9 жылдың жүзі болыпты. 11 жасынан бері спортшы республикалық және халықаралық турнирлерде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған. Қарағанды қаласында өткен ел чемпионатында да өңір намысын қорғап, күміс медальді қанжығасына байлады.

Азамат Бейсенғалиев – грек-рим күресі бойынша ҚР чемпионатының жүлдегері:

– Чемпионатта 6 кездесуім өтті. Алтауының 5-ін жықтым, біреуіне есе жіберіп алдым. Жалпы турнирге дайындық жақсы болды. Сол үшін жаттықтырушыларға алғысымды айтамын.

Жалпы, Қарағанды қаласында өткен дүбірлі додаға грек-рим мен еркін күрестен өңірімізден 25 спортшы аттанған. Соның алтауы жүлделі оралып, бірқатары спорт шебері атағын иеленіпті.

Мейрам Хамзин – Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының жаттықтырушысы:

– Қарағанды қаласында 8-10 ақпан аралығында күрестен чемпионат өтті. Оған грек-рим күресінен 15 бала қатысып, 4-уі жүлделі орынды иеленді.

Бүгінде палуандар ақпанның соңында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде.