Қоғам

Петропавлда қолданбалы өнер туындыларының көрмесі өтті

Наталья Новикова – қазылар алқасының мүшесі:

– Байқауға қатысушы балалар өз туындыларын 7 бағыт бойынша ұсынуда. Ол – табиғи материалдан жұмыс жасау, ағаштан бұйымдар әзірлеу, тоқу техникасы сынды номинациялар. Бұлардың арасынан ең тартымды дегендері таңдалып алынып, республикалық байқауға жөнелтіледі. Мұнда еңбекқорлықты талап ететін бөлімдердің бірі, ол – матаны пайдалану арқылы бұйымды жасау. Себебі, туындыны әзірлеген уақытта шыдамдылық, дәлдік аса қажет.

Көздің жауын алар туындылар мұнда жетерлік. Он саусағынан бал тамған шеберлердің жасағандарының барлығы тартымды. Мәселен, мына бұрымды қыз таза қамырдан әзірленіпті. Туындының авторлары – №9-шы орта мектептің оқушылары бірігіп дайындапты.

Сондай-ақ, көрмеде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі, ұлттық нақыштағы тақырыптарға арналған экспонаттарды да кезіктіруге болады. Ал, мынау – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенттері әзірлеген “Жайлау” атты картина. Ғажайып туынды авторлары – 15 жасар Жұлдызай Шәкенова мен Сабина Рахметова. Байқауға тоқыма бағыты бойынша қатысып жатқан жас жеткіншектер картинаны 2 айға жуық уақыт бойы дайындапты.

Жұлдызай Шәкенова – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

– Мұнда біз ата-бабамыздың жайлауын бейнеледік. Өз жұмысымызда тек жіпті пайдаландық. Картинаны әзірлеуде аттардың бейнесін салу өте қиын болды.

Байқау бүгін аяқталмақ. Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады.

 

Риат Шони