Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков халық алдындағы соңғы есептік жиынын өткізді

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Былтыр мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданға 678 ірі және ұсақ мал сатып алынды. 10 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Аудан кәсіпорындары 12,5 млрд теңгенің өнімін шығарды. Өндіріс көлемі артып келеді. Сәйкесінше, аудан бюджетінің кіріс бөлігі 34 пайызға ұлғайды.

Бүгінде Қызылжар ауданында 600-ден астам адам баспанаға мұқтаж. Былтыр 71 отбасы жеке пәтер алыпты. Азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі біртіндеп шешілмек. Биыл Петерфельд селосында – 18, Бескөл ауылында 30 пәтерлік жатақхана тұрғызылмақшы. Ауданда 72 елдімекеннің 16 пайызы орталықтандырылған ауызсу тарату құбырына қосылмаған.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Биыл ел қазынасынан бөлінген қаражат есебінен Шаховское селосына су тарату желілері тартылады. Оған 413 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады.

Жиналыста тұрғындар базынасын айтты. Бескөл ауылындағы Спортивный көшесіндегілер ауызсуды алыстан тасып ішуге мәжбүр.

Нұржамал Қошқарбаева – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Қазір 20 үй сусыз отыр.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Сіздің сұрағыңызды назарға алып, қарастырамыз.

Жиналыс барысында тұрғындар көшелерді жарықтандыруға қатысты сын айтты. Басқалары ауылішілік көшелер қардан дұрыс тазаланбайды. Көктем келгенде толарсақтан лай-батпақ кешіп жүреміз деп шағымдануда. Өзгелері ас атасы – нанның бағасы қымбат екенін айтты. Кейбір ауылдарға автобус қатынамайды.

Осы мәселені шешу үшін жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттен жалпы құны 1 млн теңге субсидия қарастырылған. Жергілікті тұрғындардың мәселесін облыс әкімінің орынбасары да тыңдады. Анархан Дүйсенова балалардың тәрбиесі мен оқу үлгеріміне, жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл аударылсын деді.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Балаға білім бердім енді өз жөнін өзі білсін деген болмау керек. Оларға бағыт-бағдар көрсетіп, мамандық таңдауына көмектесу керек. Еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс бар екенін жеткізу керек.

Қызылжар ауданында денсаулық сақтау саласында да мәселелер жетерлік. Тұрғындар скринингтік тексерістерден өтпейді. Салдарынан онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны артып кеткен. Оған қоса анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог сынды тар көлемдегі 10 дәрігер тапшы. Былтыр бір бала өлімі тіркелген. Мектептерде ата-аналар балаларына түрлі ауруларға қарсы екпе жасатуға қарсылық танытуда. Анархан Дүйсенова мұның бәрін жіті назарға алу керек деді.

Берік Қасен